Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе отырып «Маманнан кеңес» акциясын өткізді.

Онда түрлі салалардағы 20-дан астам мамандар тұрғындарға кеңес берді.
Акцияның мақсаты — халыққа білікті тегін заң көмегін көрсету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.

Акция Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға қатысушы әрбір маманның міндеті барлық азаматтарға құқықтық қолдау көрсетіп, түсіндірме жұмыстар жүргізу.
Акцияға келушілерді көбіне жер телімдеріне құжатты рәсімдеу, әлеуметтік көмекті алу, тұрғын үй, құқық қорғау қызметтері, сот шешімдері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және т.б. сұрақтар қызықтырды.

Іс-шара барысында белгілі адвокаттар мен прокуратура, әділет, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік кірістер, полиция, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй, жастар, кәсіпкерлер және тағы басқа да сала өкілдері 400-ден астам қала тұрғындарына кеңес берді.
Сондай-ақ, халықты қабылдау процесін ұйымдастыруға волонтерлер белсенді қатысып, олар тұрғындарды сұрақтарына байланысты қажетті мамандарға бағыттап отырды.