Нұрила Исламова 4 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Оның бірі мүгедек. Бүгін әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға келген көпбалалы ана мамандар кеңесіне тап болды.
Жалғызбасты ананың тұрғын үй басқармасындағыларға айтар арызы көп. 8 жылдан бері үй кезегінде тұрған ол әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізбепті. Сөзінше жауаптылардың пәтер кілтін әне, міне береміз дегеніне 3 ай өткен.
Нұрила Исламова, қала тұрғыны: «Үй кезегі бойынша мен қазір 385-ші кезекте тұрмын. Пәтер кілтін табыстаймыз деп жүргендеріне 2-3 айдың жүзі болды. Әлі күнге дейін берген жоқ. Негізі желтоқсан айында жаңа пәтерге кіруіміз керек еді».
Өткен жылдан бері жалғасып келе жатқан мамандар кеңесі бұл жолы жұмыспен қамту орталығында өтті. Тұрғындарға кеңес беру үшін барлығы 25 маман келген. Бірақ жұртшылық сауалдарын біреуіне ғана жолдады. Ол тұрғын үй басқармасы.
Тұрғынүй басқармасынан бөлек кеңес беруге білім, денсаулық, құрылыс басқармасы мамандары да келген болатын. Сыбайлас жемқорлық агенттігінің сөзінше жоба ешқандай да көзбояушылық емес. Осы арқылы ұйымдастырушылар бармақ басты, көз қысты әрекетті азайтпақ ниетте.
Назерке Үкібасова