Қаратау аудандық соты

Заңсыз сотталған. Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін соңына дейін айқасқан азамат ақыры жеңіске жетті.

Роман Цой

Роман Цой, Шымкент қаласының тұрғыны: «Түрмеде денсаулығымды жоғалттым. Мені уайымдап туыстарымның да саулығы сыр берді. Өмірімнің күл талқаны шықты ғой. Тіпті сол жылы үйленемін деп жоспарлап жүргенмін. Дос-жарандарымның бәрі мені қылмыскер көріп, теріс айналғаны жаныма батады».

Қауіпсіздігі аса жоғары түрмедегі 4 жылы үшін — 5 миллион теңге. Бұл Роман Цойдың денсаулығы мен талқан болған тағдырының құны. Қаратау аудандық соты оның үкіметтен өтемақы талап ектен арызын жартылай қанағаттандырды.

Абдулла Сапашев

Абдулла Сапашев, Қаратау аудандық сотының судьясы: «Сот Роман Эдуардович Цойдың арызының бөлігін ішінара қанағаттандырылсын деп шешті. Енді ҚР Қаржы Министрлігі Роман Цойдың пайдасына моральдік залал үшін 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеп, қаржы өндірілсін!»

Роман Цой 2015 жылы Есірткі, психотроптық заттарды немесе оларға тақылеттес заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау немесе осы мақсат үшін үй-жайлар беру бабы бойынша айыпталып, сотталған. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты оған 7 жылға үкім кесіп, жазаны қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтеуге шешім шығарыпты. Бірақ, Роман кінәні мойындамай, 2,5 жыл бойы құзырлыларға арызданумен келіпті. 2019 жылдың сәуірінде сот оны ақтап, жүргізілген қылмыстық процесте келтірілген залалды өтеу құқығын берді. Ақталған азамат мемлекеттен 20 миллион теңге талап еткен еді.

«Шынымды айтсам, мен соттың шешімімен келіспеймін. Қауіпсіздігі аса жоғары түрмеде жылдар бойы жазықсыз отырып, денсаулығына залал келді. Оны қалпына келтіру үшін 5 миллион теңге аздық етеді ғой. Сондықтан, қорғауымдағы азаматқа қосымша арыз тастауға кеңес беремін. Бірақ, арыздану немесе оны осылай қалдыруды Роман Цойдың өзі шешеді», — дейді адвокаты Олег Андреев.Роман Цой мен оның адвокаты соттың өз пайдаларына шешілгенімен, сол кездегі кінәлілерді жазалауды талап еткен жоқ. Қорғаушысының айтуынша, үкім шығып, жазасын өтеп қойған азаматтың өзін ақтап шығуы қиынның қиыны. Ал, тергеуде қателік жібергендерге заңда арнайы жаза мен жауапкершілік көзделген.

Мөлдір Бекеева