Шымкенттіктерді қоғамдық көлік мәселесі мезі етті

240

5 жыл бұрын қала қатарына қосылғанымен «Құрсайдан» орталыққа әлі күнге жалғыз автобус қатынайды. Тұрғындардың сөзінше, жалғыз бағытта жүретін автобус өткен жылы үлкен болған. Алайда, биыл ол ауыстырылып, көпшілік көлікке сыймай аялдамада қалатын күйге жетіпті.

«Кешке қарай тіпті балаларымыз автобусқа сыймай қалады. Бізде оларды таксимен әкелетін жағдай жоқ. Бұған дейін 141 автобус жүрген. Оның көлемі кәдімгідей үлкен еді. Барлығын алып келетін. Енді жаңадан шыққан 21-ші бағыт бізге тарлық етіп жатыр. Балалардан обал болды ғой? Мұнда тұратын халық аз емес».

Құрсайлықтардың бұл сөзімен жауаптылар келіспейді. Сөздерінше, бұл тақырып бойынша тұрғындармен бірнеше рет кездесу өткен. Бірақ, қандай шешім шықса да мұндағылардың көңілі көлікке сол күйі толмапты. Жалпы, қоғамдық көлік бөлімі басшысының сөзінше Шымкент бойынша 3 бағыттағы автобус қана ақсап тұр екен.

Наурыз Сүгіралиев, қалалық жолаушылар көлігі және АЖ басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы: «Ондағы халықпен келіссөздер жүргізгенбіз. Автобусқа мінетін жолаушылар саны аз болғаннан кейін басқа көлікті жібердік. Жалпы қазіргі уақытта автобустар қаламыздың барлық аумағын қамтып тұр. Ешқандай қажеттілік жоқ».

Жоспар бойынша қаламызға осы жылы тағы 590 қоғамдық көлік келмек. Ал, маусым айынан бастап қоғамдық көлікке ақы онлайн түрде төленуі мүмкін. Сол уақыттан бастап халық күткен автобустың қай аялдамаға келгенін де ұялы телефоннан көріп отыратын болады.

Еске салайық, бұл жаңашылдықты жергілікті жауаптылар 2019 жылдан бастап енгіземіз деп уәде берген еді.

Назерке Үкібасова