Түрмедегі экс-шенеуніктің сұхбаты…

239
түрме

Шымкентте мемлекеттік қызметкерлердің тағы бір легі түрмеге барды. Бұл жолы олар темір тордағы тыныс-тіршілікпен танысып қана қойған жоқ. Жемқорлық бабы бойынша айыпталып, тергеуде жатқан бұрынғы мемлекеттік қызметкермен сөйлесуге де мүмкіндік алды.

Әдетте түскі ас уақытынан соң, сағат 15:00-де жұмыс орнынан табылуы тиіс мемлекеттік қызметкерлердің бүгінгі кестесі тым бөлек. Жұмыс күнінің бақандай 1 сағатын экскурсияға арнады. Тергеу абақтысын аралайды. Түрменің түсі ме әлде мысы басты ма, әйтеуір шенеуніктер мен ондағы қызметкерлердің емен-жарқын жүзін байқамадық. Көңілдері түсіп, абақтыға тіпті аяқ басқысы келмей кібіртіктеді.Бұл жолы ИЧ-167/11 мекемесіне Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы басқармалары, мәслихат аппаратының және тексеру комиссиясы, жалпы 100-ге жуық мемлекеттік қызметші келген. Олар алдымен тергеу изоляторындағы қоршалған темір, құлыптар, торлар және барлық жердегі шектеулі кеңістіктерді көрді. Сыбайлас жемқорлық баптары бойынша айыпталған және күдікке ілініп, тергеуде отырған бұрынғы әріптестерімен де кездесіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Парақорлық бабы бойынша 3 жылға сотталған қалалық басқармалардың бірінде бөлім басшысы қызметін атқарған 47 жастағы азамат экс-әріптестеріне бостандықтың қадірін баяндап, өкініштен өзегі өртеніп жүргенін жеткізді.

«Бұл заңсыз әрекетке басшымның дегенін орындағаннан бардым деп ойлаймын. Оған  әріптестерімнің де ықпалы болды дей аламын. Қазір өкінетінім, осы салады 20 жылдай жұмыс істегенмін, неше жылдық тәжірибем бар еді. Бәрі күйіп кетті ғой», — дейді сотталған азамат.

Барлығы 800 адамға шақталған ИЧ-167/11 тергеу мекемесінде бүгінде 500-ден астам адам жатыр. Оның 30-ы — әйел болса, 4-уі — кәмелетке толмаған. Ал пара беру мен параны алу бабы бойынша мұнда қазір қамауда отырған 20 адамның 15-і – құқық қоргау органдарының өкілі екен.

Ермек Жалғасбаев, ИЧ-167/11 тергеу мекемесінің бастығы: «Қамауда отырғандарың ішінде ол бап бойынша 20 азамат бар. 15- і- сотталып қойған. Оның 5-уі — қазіргі таңда тергеуде. Олар абақтының ішінде болады, оларға тергеу амалдары жүргізіледі немесе сот жүргізіледі. Олар мұнда жұмыспен қаматамасыз етілмеген».

https://www.youtube.com/watch?v=pezveI1Y4F4&feature=youtu.be

Тергеу мекемесінде олар сот үкімі шыққанға дейін тұрақтап, сосын ақталады немесе сотталады. Айта кетейік, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің осы бірлескен жобасы басталған 2 айдың ішінде тергеу мекемесіне 600-ден астам мемлекеттік қызметкер келіп, абақтының арғы жағындағы өмірді көзбен көрген. Дей тұрғанмен, миллионды қалада парақорлық қылмысы әзірге тыйылмай тұр.

Мөлдір Бекеева