Түркістан облысында 441 млрд. теңгеден астам инвестиция салынған

122

 

Түркістан облысы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 441 млрд 214 млн. теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 38,5%-ға артқан. Бұл туралы Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 85,3%-ын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 376 млрд 207 млн. теңгені құрады», — деді Айдар Ахметбекұлы.

Бұдан өзге, Түркістан облысы бойынша былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі — 498 млрд 347 млн. теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артқан. Тиісінше республикадағы облыстың өнеркәсіп өнім көлеміндегі үлесі —1,7%. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 629 млрд 816,2 млн. теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға артқандығын көрсетіп отыр. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы үлесі бойынша облыс 3-ші орынды иемденді.