Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жер үсті өткелінде жұмыс жанданды. «Сақалды құрылысқа» айналған нысанды жауаптылар ақпан айының ортасында пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр. Бұл жариялы болған тапсыру мерзімінің нешінші екенін тұрғындар да айта алмас. Қазір жер үсті өткелінің құрастырмалы темірлері, үш жақтан орнатылған сатылар да қапталуда.
Көпірдегі жарықтандыру жүйесіне міндетті мердігерлер электр шамдарын орнатып, олардың жұмысына кепілдік беріп отыр. Шымкент қаласының автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың айтуынша, жер үсті өткелінің құрылысына бөлінген 217 млн. теңгенің 210 млн-ы игерілген. Әзірге 7 млн. сома қалып тұр. Эскалаторды орнатуға шамамен 70-80 млн. қаражат керек екен.
«Қазір біз бірнеше компаниялардың бағаларын анықтаудамыз. Келесі сессияның қарауына эскалатор мәселесін ұсынбақпыз. Депутаттар қолдап, қаржы бөлсе, оны да орнатамыз. Нысанда қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталды» дейді басшы.
Шынар Оразова