Таяуда белгілі иллюстратор-аниматор Стив Каттстың «The Turning Point» атты анимациялық фильмі шықты. Атауын қазақшалағанда «Бетбұрыс сәт» деп тәржімаланатын фильмде климат өзгерген, Жер-жаһан жылынып, табиғат ластанып, пластик жайлап барады. Әлемді жан-жануарлар билейді, адамдар үстемдігінен айырылып, қоқысты қорек етеді. Түр ретінде жойылуға айналады.

Адам мен жан-жануардың табиғат-тағы үстем ету орны ауысқан әлемді көрсететін фильм. Тым шынайы, тым ауыр, рас.
Мұны неге айтып отырмыз? Өткен желтоқсанның ортасында Шымкенттегі «Наурыз парк» алаңында алып тасбақа формалы нысан пайда болды. Сыртынан көрген жанды таңғалдырды, тіпті сүйсінтті, бірақ сол тасбақа формадағы нысанның ішіндегі боп жатқан жағдай көбімізді шошытты, тіпті ашындырды. Бар себеп – «Тортилла» деп атау таққан тасбақа нысан ішінде түрлі жан-жануарды азапты жағдайда ұстап, соны саудалағаны еді.
Шымкентте мұндай «Тортилла» бұрын-соңды болмаған. Әуелі мұның не екенін аңдамаған жұрт кейін жарнамадан оның жылжымалы зообақ екенін білді.
Біреулері «Тортилланың» сырт көрінісіне қызығып келсе, енді бірі ішінде не барын білуге асыққан.

Араларында келіп, көріп, көргенінен шошынып, жағасын ұстап шыққан жанашырлар да бар. Іштегі былық еріктілерді бей-жай қалдырмапты. Жануарлар тозағына куә болған олар бұл сұмдықты жария көрсету үшін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
Тар тор ішінде қиналған маймылдар, құрғақ жерде жатқан қолтырауындар, бүрсең қаққан қояндар мен әрлі-бері аунақшыған құндыздардың көрінісі жұртшылықты дүр сілкінтті.
Мұндай жылжымалы зообақ бұған дейін Алматы қаласында да болған. Алматылықтар Оңтүстік астананың сауда орталығындағы көшпелі жануарлар түрмесін жаптырып тастаған. Араға апта салмай аң-құстарға көрсеткен азап «қайырымды қала» Шымкентте қайталанды.


«Тортилла» ішінен түсірілген видео тараған соң, белсенділер әкімдіктен бұл жылжымалы зообақты жаптырып тастауды сұрады.
Көп ұзамай белсенділер жылжымалы зообаққа қайта келді. Бұл жолы қыдырып, таң-тамаша ету үшін емес, ортақ үнді жоғарыға жеткізуге жиналды.
– Өмірімде мұндай бассыздықты көрген емеспін. Өте тар темір торға тоғытылған аң-құстарды көріп, көзіме еріксіз жас келді. Мұндай қатігездікке бару үшін жүрексіз болу керек шығар. Қалай ғана жаны бар тіршілік иесін осындай азапқа қиюға болады?! Мұндағы маймылдар тым кәрі. Тістері де түсіп қалыпты. Ол аз десеңіз оларға тамақ беріп те жарытпаған. Тек қатып қалған нандар тұр. Ал қамалған торлары талапқа мүлдем қайшы. «Маймыл» деген бір орында тұрмайтын жануар ғой. Ал бұлар тар торда қозғалыссыз отыруға мәжбүр. Аяйсың. Бір маймылдың қақ маңдайында жарық та бар екен. Сонда зообақ қожайыны аңдарды бүгін емес, бұрыннан жәбірлеп жүргені ғой?!,-дейді шымкенттік белсенді Евгения Калинеченко.


Шын мәнінде жылжымалы зообақ қожайынының мұндай сұмдықты бүтін елге паш етіп жүргені бірінші рет емес екен. Ресейден келген жылжымалы зообақ мұның алдын Ресейдің бірнеше қаласынан қуылғаны білгілі болды.
Алғашқы қадамын Дағыстанда бас-тап, сол елдің батасын емес, наласын ғана алыпты. Дағыстандықтар да көп тұрақтатпай, қуып шығыпты.
Бірақ, олар мұнымен тоқтамай, Ресейдің бірнеше қаласының тұрғындарына жануарлар тозағын көрсетіп, қуылады. Соған қарағанда «Тортилла» иелеріне ешқандай жаза қолданылмаған. Осылайша, қуып шыққаны болмаса, жануарларға ешкім араша түспеген.
Салдарынан сырты бүтін, бірақ іші түтін көшпелі зообақ Шымкентке бір- ақ жетті.
– Мұнда баламмен келдім. Ұлыма осындай сырты ерекше зообақтың ішіндегісін көрсеткім келді. Бірақ, бұл ісіме өкініп тұрмын. Себебі «Алып тасбақаға алып кіремін деп», перзентіме аң-құстарға жасалған зорлықты көрсеттім. Сәби кішкентайынан осындай көрініске көзі үйренсе, есейген соң бұл жағдайды қалыпты санамайтынына кім кепіл? Мұндай орындарға кімдер келгісі келеді? Әрине, бүлдіршіндер. Демек, біз «баламызды қуантамыз» деп, жануарларды азаптауды, жануарларға зорлық жасауды көрсетеміз. Соған ақша төлейміз,- дейді көшпелі зообаққа баласын әкелген Алтынай Алпысбаева.
«Ақы төле» демекші, жылжымалы зообаққа кіру ақылы. Ересектер 1500 теңге, балалар 1000 теңге төлейді. Жануарларға тамақ беріп, қызықтағыңыз келсе бір алманы 250 теңгеге сатып аласыз. Осылайша, ақы төлеп, жануарларды азаптауды көресіз, және азаптауды қаржыландырасыз.
Жұрт шулап, бұл зообақты Шымкенттен шығаруды талап еткен соң, қала әкімдігіне жан бітті. Соған дейін қаладағы жағдайдан хабарсыз боп келген-міс әкімдік белсенділердің бас көтеруіне үн қатпағанымен, көшпелі зообаққа орын берген жеке кәсіпкерге талап қойғаны анықталды.
– Бізге әкімдіктен хабарласты. «Тортилланы» жедел түрде бұл арадан шығаруымызды тапсырды. Енді «Алып тасбақа» 2 ақпанға дейін бұл орынды босатуы керек. Олардың кетуі үшін әлі Ресейден көліктері жетуі қажет,- дейді «Наурыз Парк» өкілі Бағдат Тастанбеков.
Айта кету керек, бұл жылжымалы зообақ Шымкенттегі жұмысын 13 желтоқсаннан бастаған. 2 ақпанға дейін тұруды жоспарлаған.
Осылайша, әкімдік белгілеген мерзім мен зообақ қожайындарының межесі бір күнге сәйкес келді. Сәйкестік пе? Қай тараптың, әкімдіктің бе, жоқ әлде, зообақ қожайындарының ба? Біздіңше, екі жақтың да…
Бірдеңе анық, осы уақыт аралығында жан-жануарларды азапты жағдайда ұстағандар аз ақша таппады. Мұны зообаққа келушілердің кезегінен-ақ байқауға болады.
Осылайша, жануарларды азапты жағдайда ұстап, пұлдағандар тағы бір жазадан құтылды.
Мұнда жергілікті белсенділер, табиғат жанашырларының азаматтық белсенділігі бар жағдайға назар аудартты. Тіпті кейбір жанашырлар «Тортилла» иесіне «тордағы жануарларыңды сатып алайық, өзіміз дұрыс қарап, мұндай азаптан құтқарайық» деп ұсыныс та жасапты.
Алайда, зообақ қожайыны жануарларды сата алатынын, бірақ өте қымбатқа сататынын айтып, бағасын аспандатып жіберген.
Ендігі Шымкенттен кететін көшпелі зообақтың тағы қай қалаға барып, жануарлар азабын ақшаға айналдырып, қай қаланың тұрғындарын шошытатыны жұмбақ.
Бір үміт бар: жан-жануар азабы айтыла-айтыла, көптің құлағына жетсе, мұндай зообаққа баратындар азаяды. Ал бар сұмдықты естіп-біліп тұрса да, ақы төлеп баратындар осындай азаптауды қаржыландыруға үлес қосатыны анық.
Сөз басындағы фильмімізге қайта оралсақ, әлемде үстемдікке ие болған адамзаттың басқа тіршілік иелеріне қиянаты өзіне қайта айналып, бір жазасын берері де әбден кәдік. Жер – бәрімізге ортақ, және бұл ортақ игілік бір түрдің басқа түрлерді жәбірлеп, азаптауына арналмаған.

Назерке ҮКІБАСОВА

«Оңтүстік Рабат», №5, 29 қаңтар 2020