Қаланың қарт тұрғындарына құрмет қашан да ерекше. Билік өкілдері халықаралық әйелдер мерекесімен еңбек ардагерлерін құттықтады. Шаңырақтарында болып, сый-сыяпат көрсетті.

Шырынкүл Төреханова биыл 102- ші көктемін қарсы алды. Тағдырдың талай тәлкегін көрсе де тың. Қария теледидар арқылы елдің хабарына қанығып, бүгінгі күнге шүкіршілік етеді.

Әжейдің бұл жолғы қонақтары ерекше. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Тамара Дүйсенова, қала әкімінің орыбасары, қалалық жұмыпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері еңбек ардагерін көктем мерекесімен құттықтай келіпті.

100 жастан асқан қала тұрғыны Бибісара Иржанова да еңбегімен еленген ізгі жан. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде де, соғыстан кейінгі жылдары да қара жұмыстан қол үзбеген. «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы» медалімен және «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған. Өзінен өрбіген 8 баладан 19 немере және 21 шөбере сүйіп отыр.

Мереке күндері қаланың қарт тұрғындарыны арнайы ат басын бұрған шенеуніктер ел аналарына сый-құрмет көрсетті. Көнекөз қариялар ілтипатымен келген қонақтарына батасын беріп шығарып салды.

Мақпал Рысбаева