«Ата-аналарды шұғыл еңбек демалысына жіберу керек». Осылай деп мәлімдеме жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін төтенше жағдайлар кезіндегі еңбек қатынастарын реттеудің жолдарын түсіндірді.

Ведомство басшысы жұмыс берушілерден қашықтықтан жұмыс істеу жүйесін қолға алуды сұрап отыр. Мұндай жағдайда жұмысшылардың еңбекақысы қалай төленеді?

Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде қазақстандықтардың жағдайы мемлекеттік органдарға тікелей байланысты. Бұл ретте төтенше жағдайға қарай саладағы жұмыс барысын шектеу айналып келгенде бұқараға кері әсерін тигізеді.

Қазіргідей ақпараттық технологияның заманында бұл мәселені тек қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі арқылы шешуге болады. Әрбір мемлекеттік органның басшысы кімді қашықтан жұмыс істеуге көшіретінін өзі шешеді. Қызметкерлердің жалақысы толығымен төленеді.

Анар Жайылғанова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы: «Негізі әрбір мемлекеттік орган бұны өз ыңғайына қарай жасайды. Алайда мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді. Сондықтан мен бұл бастаманы тезірек іске асыруға кеңес беремін. Ол мемлекеттік қызметкерлердің денсаулығына да, мемлекеттік аппараттың жұмысына да қажет».

Мемлекеттік қызмет қана емес, жеке кәсіпорында мен ұйымдар да қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі тиіс. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай деді. Жұмыс беруші бұйрығын шығарады. Жалақы төлеу тәртібі өзгермейді. «Егер жұмысшыларды қашықтан жұмыс істеу режіміне ауыстыруға мүмкіндік болмаса, жұмыс беруші өз тарапынан қысқартылған жұмыс уақытын белгілеуге құқылы».

Біржан Нұрымбетов бірінші кезекте ата-аналарды ақылы еңбек демалысына жіберу керектігін айтты. Бұл әсіресе бала күтімімен үйде отаратын ата-аналарға қатысты. Жұмыс беруші бұл ретте отбасында жұмыссыз азамат бар-жоғы туралы анықтаманы сұрауға құқылы екен.

Ал жұмысын мүлдем тоқтатқан мекемелер жұмысшыларына ең төменгі жалақыдан төмен емес айлық төлеуге міндетті. Еліміздегі ең төменгі жалақы көлемі қазір – 42 500 теңгені құрайды. Ведомство басшылары жұмыс берушілерді қазіргідей алмағайып кезеңде барынша түсіністік танытуға шақырды.

Мақпал Рысбаева