ҚР АШМ шаруаларға бөлінген қаражатты басқа мақсатқа жұмсауға жол бермейді

86

 

Енді ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жалпы сипаттағы трансферттер бұрынғыдай өңірдің халық санына байланысты емес, өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өніміндегі үлесіне қатысты есептеледі.

«Қазақстан Республикасындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдауда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2019 жылы еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамытудың негізгі қорытындылары туралы айтты.

Министрдің келтірген мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға ұлғайып, 5,2 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте мал шаруашылығы өнімін өндіру 4,0%-ға артып, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру 2019 жылғы қолайсыз ауа-райы жағдайларына байланысты 1,7%-ға төмендеген.
Сондай-ақ, 2019 жылы ет өндіру (тірідей салмақта) 5,6%-ға ұлғайып, 2 млн. тоннаны құрады, сүт өндіру 3,2%-ға артып, 5,8 млн. тоннаны құрады.

Егін жинау қорытындылары бойынша 17,4 млн. тонна астық бастырылды, бұл өткен жылғы деңгейден 2,9 млн. тоннаға немесе 14%-ға аз.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 41,1%-ға артып, 501,6 млрд. теңгені құрады.

Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4%-ға ұлғайып, 3,3 млрд. АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар, Сапархан Омаров бұған дейін ҚР Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева және депутаттардың агроөнеркәсіптік кешен субъектілерімен кездесулері барысында көтерілген мәселелерді шешу мақсатында министрлік тарапынан қабылданған шаралар туралы хабарлады. Атап айтқанда, барлық кездесулердің хаттамаларын мұқият зерделеп, оларды іске асыру жөніндегі арнайы жұмыс жоспары әзірленгенін атап өтті.
«Бұған дейін мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы туралы мәселе көтеріліп келеді. Субсидиялау қағидаларына өзгерістер жиі енгізіліп келе жатқаны шындық. Мәселен, 5 жыл ішінде өзгерістер мен толықтырулар 47 рет енгізілген. Бұл бойынша Мемлекет басшысы мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. Біз, Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) сыныптамасы бойынша Жасыл себетке кіретін мемлекеттік қолдау шараларын (өнім бағасын бұрмаламайтын субсидиялар) заңнамалық деңгейде 5 жылға тұрақтандыру нормасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Түзетулер әзірленді, енді Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан оларды қарастыру мен бастамашылық етуде қолдау көрсетуді сұраймыз» — деді АШМ министрі.
Сондай-ақ, субсидиялау ережелерінің жиі өзгеріске ұшырауы АӨК саласының толық қаржыландырылмауымен байланысты екенін айтты. Қаражаттың жетіспеуінен субсидияның бюджетін қайта жоспарлау жағдайлары орын алады.
«Қазір жыл сайын субсидиялауға шамамен 300 млрд. теңге бөлінеді. Десекте, субсидиялауға қосымша тағы да 100 млрд. теңге шамасында қажеттілік бар» — деп атап өтті С.Омаров.
Сондай-ақ, ҚР АШМ министрі өңірлер арасындағы субсидия сомаларының ауытқуы туралы мәселенің шешімін тапқаны туралы айтты.
Енді ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жалпы сипаттағы трансферттер бұрынғыдай өңірдің халық санына байланысты емес, өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өніміндегі үлесіне қатысты есептелді. Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған шығыстардың ең аз көлемі көзделді, бұл әкімдіктерге қаражатты өңірді дамытудың басқа да мақсаттарына жұмсауға мүмкіндік бермейді.

Жиын барысынды министр ауыл шаруашылығының аса өзекті мәселелері мен проблемалары және оларды шешу үшін Министрлік тарапынан қабылданған қадамдар туралы ақпаратты жеткізді. Атап айтқанда, ол ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануды бақылауды күшейту және халықтың мұқтажын қамтамасыз ету үшін жайылымдарды қайтару, фермерлер үшін салық құралдарын оңтайлану, ауыл шаруашылығын несиелендіру және инвестициялық субсидия көлемін арттыру, сүтті мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, «орталық-облыс-аудан» принципі бойынша ветбақылау вертикаль тізбегін қалпына келтіру және отандық өндірісті ветеринарлық препараттармен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабарлады.

Өз баяндамасында С.Омаров құс өсірушілерді қолдау шараларына тоқталды. Бүгінде министрлік құс фабрикаларына айналым қаражатын толықтыруға арзандатылған кредит беру, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, құс фабрикалары сатып алған азықтар құнының бір бөлігін субсидиялау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл құс фабрикаларына жемдік астық қорын делдалсыз тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді, бұл нәтижесінде құс шаруашылығы өндіретін өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.
Қазір құс фабрикаларының ұсыныстарын ескеріп, құс етін субсидиялау шегін 2000 тоннадан 500 тоннаға дейін төмендетілген. 1 кг құс етіне 60 теңге мөлшерінде субсидиялаудың бірыңғай нормативі белгіленді, бұл 1 кг құс етіне 2,2 кг (орта есеппен 165 теңге) азық конверсиясын ескергенде, мемлекеттік қолдаудың жеткілікті деңгейі болып табылады.

Сондай-ақ ҚР АШМ тәуліктік балапандарды сатып алуға субсидия нормативін ұлғайтуға, сондай-ақ жұмыртқа құс фабрикасын жаңғырту мен кеңейтуге инвестицияның 25% — ын өтеуге дайын.

Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беру мерзімінің ұзарғанын хабарлады.

«Аталған проблема соңғы үш жыл ішінде әртүрлі алаңдарда, оның ішінде ҚР Парламентінің депутаттарымен болған кездесулерде де көтерілді. Бүгінгі таңда аталған мәселе шешімін тауып, АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға осы жылдың қаңтарында мынадай өзгерістер енгізілді. Мәселен, 2021 жылдан бастап шаруаларға бұрынғыдай қысқа мерзімді бір жылдық бюджеттік кредит емес, 3 жылға дейін орта мерзімді кредит беріледі. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына арналған коммерциялық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 6%-ға дейін субсидиялау көзделді», — деді С.Омаров.