«Әр қайғының қатар жүрер қуанышы бар»

525

«Қараңғы түннен кейін міндетті түрде күн күлімдеп шығады» деп хат жолдаған оқырманымыз шынайы махаббаттың құдіретіне сенеді. «Кез-келген қайғыны махаббат емдейді» деген ол басқа жандардың да кіршісіз, таза сезімге сенуін қалайды.

«Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы. Мен бір жылдан бері газеттің тұрақты оқырманына айналдым. «Тағдыр» айдарын асыға күтемін. Түсінгенім, газетке көбінесе әйелдер мен қыздар хат жазады. Бұл да болсын, әрбір нәзік жандылардың жауапкершілікті сезіне білетіндіктерінде деп ойлаймын. Басынан өткен оқиғаны баяндау арқылы көптеген оқырманға ой салады. Жолында кездескен қиындыққа мойынсынбай сол бір келеңсіздіктен сәттілікпен өтуі адамдарға жігер сыйлайды. Сондықтан мен де өз тағдырымды баяндап берсем деймін. Менің басымнан өткен жағдай біреу болмасын біреуге ой салары анық деп ойлаймын», — деп бастапты хатын оқырманымыз.

– 34 жастамын. Есімім Айнұр. Біздің отбасы қасымыздағы көршімізбен өте жақсы араластық. Мерекелерді бірге қарсы алдық, біреуінің басына қиыншылық түссе, бастарын сүйеп, жұдырықтай жұмылып сол қиындықтан бірге өтетін. Ал, жақсылық болса, бірге қуандық. Барымызды бөлістік, тіпті қай үйде дәмді тағам жасалса, сол үйде улап-шулап бірге тамақтандық. Қашан да бір-бірімізге қамқор болдық. Екі үйдің татулығына ауылымыздағылардың бәрі таң қалып, қызыға да қызғана қарайтын.
Жалпы екі отбасы да көрші ақысы деген түсінікті жеткілікті ұғынған деуіме болады. Біздің үйде екі қыз бір ұл болды. Оларда керісінше екі ұл бір қыз. Мен үйдің ортаншысымын. Алдымда әпкем бар. Көршіміздің өзіммен жасты баласы екеуіміз бір сыныпты оқыдық. Есімі – Нұртай еді. Кішкентайымнан ол маған өте қамқор болатын. Сабақтан қайтарда сөмкемді арқалап жүретін. Мектепте ешкімге ренжітпейтін. Үй тапсырмасын бірге оқып, бірге дайындалатын едік. Уақыттың зымырап өткені соншалық, мектеппен қоштасатын уақыт та келді. Соңғы қоңырау кешінде ол маған сезімін білдірді.
Қыз баласымын ғой, оның маған деген көңілін іштей сезетін едім. Ол да менің оған деген кіршіксіз таза сезімімді байқаған болу керек, бар күшін жинап, батыл қадам жасады. Мен де қарсы болмадым. Бірақ ата-анамыздың білуін қалаған жоқпыз. Университет бітірген соң, айтамыз деп келістік. Екеуміз де Алматыға оқуға түстік. Студенттік жылдарымыз сондай ғажап өтіп жатты. Екеуміз бір-бірімізді өте жақсы танып, түсінетініміз соншалық, сөзге келмейтінбіз. Не дегенмен кішкентайымыздан көріп-біліп өстік қой. Ол менің ұзын қолаң шашымды жақсы көретін, кездескен кезімізде шашымды сипап, искеп отырушы еді. Екеуміз де бірінші курстан бастап, сабақтан кейін жұмыс істейтінбіз. Тапқан табысымызды өз қажетімізге жарататынбыз. Одан қалса, әр мереке сайын ата-анамыз бен бауырларымызға сыйлық алатын едік. Осындай керемет күндер жалғасып жатты. Студент болған кезден бастап Нұртайдың Ерасыл деген досы болды. Үшеуміз қайда барсақ бірге жүрдік. Ол Нұртайдың ең жақын сырлас досы еді. Біздің армандарымызды бірге тыңдайтын, орындалуын тілейтін. Тойымызда машинасымен бізді өзі алып жүретінін айтатын. Нұртай қандай болса, қасындағы досы да тура өзі сияқты еді.
Осылайша, біз де жоғары оқуды аяқтадық. Екеуміздің де мамандығымыз мұғалім. Біз бір мектепте бірге жұмыс істейміз деп армандайтынбыз. Арманымыз орындалды да. Жұмыс тапқан соң, ең басты мәселе – арамыздағы қарым-қанытасты ата-анамызға айту болатын. Екеуіміз де аналарымызбен сөйлесуге бел будық.
Бір күні Нұртайдың анасы біз жайлы білетіндерін айтты. Қызығы сол біз сонша уақыт жасырып жүрсек, олар бұл жағдайдан хабардар болған екен. Тек өзіміз айтқанша ештеңе білмейтін сыңай танытқан. Олар біз үшін өте қуанышты екенін айтты. Нұртайдың ата-анасы тамаша той жасау үшін барын салды. Досы Ерасылдың көмегі де зор болды. Біздің арманымыздағы той болды. Ағайын-туыс, дос-жаранның бәрі келді.
Тойды өткізіп, қалаға қайттық. Бір мектепте бірге 2 жыл жұмыс істедік. Содан кейін сәбилі болдық. Шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге алып келдім. Ата-анамыздың қуанышында шек болмады. Міне, біздің өміріміздегі ертегідей керемет күндер осылай өтіп жатты. Бір күні отағасы бір ауданға семинарға баратынын айтты.
Сол семинарға кеткеннен қайтып оралған жоқ. Қайтар жолда жолдасым мінген көлік жол апатына ұшырайды. Ішіндегі 4 адамның үшеуі аман-есен болғанымен баламның әкесі сол жерде жан тапсырыпты. Сол кезден бастап, біздің отбасымыздағы қасіретті күндер басталды. Баламыз енді ғана 4 жасқа келген. Мен үшін бұл өте ауыр қайғы болды. Ата-анамыз да аңырап қалды. Тіпті ауылымыз, Нұртайды білетін адамдардың бәрі оның қандай жақсы адам екендігін айтып, қайғырды. Мен Нұртайдың қазасынан кейін 1 жылдай уақыт ауылда тұрдым. Ата-енемізбен бірге үнемі ол жайлы естеліктер айтатынбыз. Бірде күліп, бірде жылайтынбыз. Бәріміздің алданышымыз артында қалған ұрпағы болды.


Осындай қиын кезеңдерде Ерасыл үнемі жанымыздан табылды. Күн сайын жағдайымды сұрап, хабарымды алып тұрды. Жыл өткен соң мен баламды алып, қалаға оралдым. Қалада үй тауып, жалдап тұруыма Ерасыл көмектесті. Ол үнемі кешке келіп, үйімде не бар не жоқ бәрін біліп жүрді. Балам ауырып қалса да ауруханаға Ерасыл таситын. Қысқасы қандай жағдай болса, қандай көмекке зәру болсақ, Ерасыл жанымыздан табылатын. Тіпті кейде өзінің жұмысын тастап, бізге көмектесуші еді. Арадан тағы бір жылдай уақыт өткен соң, біз де үйреніп қалдық. Тұрақты жұмысым бар. Балам балабақшаға баратын.
Бір күні Ерасыл кешкі асқа шақырды. Сол жерде мен күтпеген бір нәрсені мойындады. Алғаш марқұм Нұртай екеуімізді таныстырған кезден бастап, менде көңілі болғанын бірақ досы үшін сезімін жасырып, жүрегінің түбіне көмгенін айтты. Егер қаласам, досының баласы екеумізді өзінің жанындай қабылдап, қатты разы болатынын жеткізді. Бұл жағдайды ешқашан айтпаймын деп те ойлаған екен. Соңғы жарты жылда Нұртай түсінен шықпай жүргенін, мүмкін баласы мен жарын тапсырғысы келген шығар деп ойлағанын да жеткізді.
Мен мұндайды күтпедім. Ерасылдың маған сезімі бар екені үш ұйықтасам да түсіме кірмеген екен. Ал оның айтуынша, ол мені бір көргеннен ұнатқан. Сезімі барған сайын күшейген. Бірақ ешқашан бізге білдірмеген. Өйткені Нұртай оның жан досы. Біздің бақытты болуымызды шын жүрегімен қалаған. Одан кейін ешкімді ұната алмағандықтан да отбасын құрмай жүрген.
Шынымды айтсам, не айтарымды білмедім. Ұзақ уақыт ойландым. Онымен біраз кездеспеуіміз керек екенін айттым. Ол бізге келмеген кездері бір нәрсеге көзім жетті. Баламыз екеуміз оған әбден бауыр басып қалыппыз. Үнемі елегізіп іздеп тұратын болдық. Менен бұрын балам сұрап қоймайды. Қысқасы ұлым екеуміз оны қабылдадық. Өйткені, оған ерекше сенетін едім. Нұртайдың әруағының алдында өзімді кінәлі сезінген кездерім де болды. Бірақ ол да үнемі түсіме кіріп, өз разышылығын бергендей болатын. Біз Ерасылмен біраз уақыт үйімізге айтпаймыз деп шештік. Тағы бір жылдан соң, әпкеме айтып, әпкем арқылы анама анам арқылы енеме жеткіздік. Олар бізді шын бақытты қылатын адам болса, ешқашан қарсы келмейтіндерін керісінше қуана келісім беретіндерін айтқан. Ол адамның Ерасыл екенін білгенде тіптен қатты қуанған. Өйткені Нұртайдың ата-анасы Ерасылды баласындай жақсы көретін. Осылайша біз отбасылы болдық. Қазір қызымыз бар. Нұртайдың ата-анасының үйіне де үнемі барып тұрамыз. Қазіргі ата-енем де өте тамаша жандар. Ең бастысы біз бақыттымыз.
Айтайын дегенім – қандай қиындықтан кейін күте білген адамға әйтеуір бір күні таң күлімдеп атады. Нұртай өмірден өткенде мен үшін бәрі біткендей сезімде болдым. Ұзақ уақыт күлмедім. Көп жыладым. Балам үшін ғана өмірде қалдым. Бірақ, жаратқанның бір құдіреті болары анық екен. Қараңғы түннен кейін міндетті түрде күн шығатындығын ұмытпайық.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №10, 4 наурыз 2020 ж