Шымкенттегі «Қажымұқан» орталық стадионының аумағын «өрт шалды». Стадион қонақ үйіндегі газ құрылғысынан ақау шығып, жарылыс болды. Шұғыл түрде оқиға орнына жеткен төтеншеліктер тілсіз жаудың бетін қайтарды. Өрт-тактикалық оқу-жаттығуының сценарийі осылай өрбіді.
Бұл «Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» іс-шарасының ашылуы қарсаңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Стадион сыйымдылығы 20 000 адамды қамтиды. Осыншама жұртшылықтың амандығын ескеріп, жеке құрам практикалық дағдыларын пысықтады. Шартты өртті сөндіру тәсілдерін меңгеріп, арнайы техникалар мен нысанның дайындығын сынап көрді.
Мақпал Рысбаева