Қуыршақ тігетін келіншек

604

Бала күтімімен үйде отырған жас аналардың арасында көпке үлгі етіп көрсетуге болатыны көп. Солардың бірі – Ақмейірім Азаматқызы. Ол қуыршақ тігеді. Көз қуантып, сүйсіндіретін қуыршақтары сондай әдемі. Шебермен әңгімелесіп, кәсібінің қыр-сырын білдік.

25 жастағы Ақмейірім Шымкентте тұрады. Аяулы жар, асыл ана. Қуыршақ тігетін ісмер, бірақ оқыған мамандығы қазіргі кәсібінен мүлдем алыс. Журналистикада оқыған. Тұрмысқа шығып, отбасылық жағдайына байланысты оқыған мамандығы бойынша жұмыс істей алмаса да құр қол отырған жоқ. «Әрбір адамның жасырын таланты болады, соны аша білу керек» дейтін ол өз кәсібін дөп тапқанына қуанышты.
«Әрбір қыздың қандай да бір іске икемі болады. Тек соның көзін таба білу керек. Менің қолөнерге қызығушылығым мектептен байқалды. Еңбекке баулу пәні жаныма жақын еді. Сол сабақты асыға күтетінмін. Бірақ ол кезде сабақтан тыс ештеңе жасай алмадым. Қазіргідей «қолөнер бұйымдарын жасап сатамын» деген ойым болмады. Қуыршақ тігу кәсібімен айналыса бастағаныма 2-3 жылдың жүзі болды. Бұл кәсіпке де жайдан-жай келмедім. Қазір «декретте отыр екенмін» деп бос уақытыңды пайдасыз өткізуге болмайды. Декретте отыру – әйел баласының өзіне ұнайтын іспен айналысуына таптырмас кез. Жаның жақсы көретін жұмысты істеу адам бойына жағымды энергия береді. Осылайша «күнделікті күйбең тіршілік» деп жүріп жұтылып кетпейсің. Нәзік жанды арулар өзін жоғалтып алмауы керек. Сол үшін де қолынан келетін жұмыспен айналысса, бұл ең алдымен өзіне пайдалы. Сондай-ақ үйде отырып-ақ табыс тапқанға не жетсін?!»

Қазір қолөнермен айналысатын үй бикелері көп-ақ. Біз тоқыма тоқитын, жеміс-жидек пен тәттілерден түрлі гүл жасайтын немесе орамал тігетін келіншектерді білеміз. Шымкентте қуыршақ жасайтын қолөнер шебері аз. Ақмейірімнің қуыршақ жасау кәсібіне қалай келгені қызықтырды.

«Студент кезімде қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарын сататын арнайы сыйлықтар дүкенінде сатушы болдым. Сол дүкенде алғаш рет осындай интерьер қуыршақтарға көзім түсті. Мен жасайтын қуыршақтарымды «интерьерге арналған қуыршақ» деп атайды. Бұл бұйымдарға қатты қызықтым. Өзімнің де жасап көргім келді. Дегенмен бірден қуыршақ жасаудан бастамадым. Алғашында табыс табу мақсатында тойбастар ретінде қолдан сабындар жасадым. Әуелде икемім де, идеяларым да болғанымен, жасалу техникасының бүге-шүгесін онша түсінбейтін едім. Сондықтан қазіргі әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланғым келді. Сабын жасауды ютубтағы видеолардан қарап, білмейтінімді оңай үйреніп алдым. Осылайша қолымды икемге келтірген соң қуыршақ тігуге кірісіп кеттім. Көбіне ресейлік шеберлердің жұмыстарын қайталап тігемін. Түбегейлі көшіріп алмаймын. Талғамыма үйлестіріп, кей жерлерін өзгертіп тіге беремін. Сондай-ақ кішкентай қыздардың образдарын жасаған ұнайды».

Әзірге реесейлік шеберлерлің жұмысын қайталап жүрген келіншек алдағы уақытта өз брендін қалыптастырғысы келеді. Ал бізді қызықтырғаны – қуыршақ тігуге қолданатын маталары болды.

«Бізде ойыншық жасап шығаратын түрлі мықты брендтер бар. Алдағы уақытта өз брендімді қалыптас-тырсам деген арманым бар. Ол үшін әрине көп ізденіп, өте көп еңбектенуім керек. Ал қуыршақтардың денесін тігу үшін арнайы «Белый ангел» деп аталатын матаны қолданамын. Оны Ресейден тапсырыспен алдыртамын. Кейде базардан кәдуілгі трикотаж мата аламын. Дененің формасы шығу үшін сырт киімдердің ішіне салынатын синтепон, халафайбер материалдарын пайдаланамын. Ал қуыршақтың шаштарын да интернет дүкендерінен тапсырыс беріп, сатып аламын. Меніңше, бұл қуыршақтардың түрлі түсініксіз химикат қоспалар қосылған материа-лдардан жасалған ойыншықтарға қарағанда зияны жоқ. Әзірге сатып алушыларымнан ешқандай шағым естімедім. Кейбір ата-аналар қыздарына алып береді. Дегенмен, бұл жоғарыда айтқанымдай, жиһаз әдемілігі үшін жасалатын ойыншықтар. Сондықтан кейбір адамдар үйіне сәнге қою үшін тапсырыс береді. Балалардың денсаулығына ешқандай зияны жоқ».

Қолөнер бұйымдарының бағасы да арзан болмайды. Ал, Ақмейірім ойыншықтарының қолжетімді екенін айтады.
«Әлі жас шебер болғандықтан басқа қолөнер шеберлерінің жұмыстары секілді қымбат бағалауға жүрексінемін. 16-18мын теңге тұратын қуыршақтарды Астана қаласында тұрғанымда 11-12 мың теңгеден сатып жүрдім. Ал Шымкентте бұл ойыншықтарды тіптен арзанға сатамын. Мәселен, 8-9 мың теңгеге. Дегенмен көлемі мен безендірілуіне қарай бағасы түрлі болады. Бұйымдарымның ерекшелігі – қолдан жасалуында болып отыр. Қолөнер туындылары қашан да уақытты, тапжылмай күтетін тағатты, бар ынтаң мен зейініңді талап ететіні сөзсіз».

Жас кәсіпкерден үлгі алып, бойыңыздағы жасырын жатқан қабілетті оятыңыз. Бәлкім, тіпті өзіңіз білмейтін талант бойыңызда бұғып жатқан болар. Қосымша табыс табумен қатар, жаныңызға рахат сыйлайтын, жақсы көретін жұмысыңызды істеп, жан-дүниеңізді жадыратасыз.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №9, 26 ақпан 2020 ж