«Самал-2» шағынауданы тұрғындары 20 жылдан бері сапалы жолға жете алмай жүр. Ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын Шәкіров көшесінің тұрғындары аудан әкімдігіне талай рет барған.

Бірақ, ондағылар жағдайдың келесі жылы түзелетінін айтып уәде берумен келеді екен. Салдарынан сайда орналасқан көше тұрғындары жыл сайын шағал тасты өз қаржыларына төсеуге мәжбүр.


«Тағы да тасқа ақша жинап, тағы тас төсеген едік интернеттің кабелін көмуіміз керек деп тағы да тасымыздың тас-талқанын шығарды. Сөйтіп жүргенде 6 жыл өтті міне».


Шәкіров көшесінің тұрғындары осылайша 20 жылдан бері тегіс жолға жете алмай келеді. Шағал тасты жыл сайын қалтасынан шығарып төсегенімен, оның да қызметі көпке бармайды екен. Себебі сайда орналасқан Шәкіровке жоғарыдағы өзге көшенің жаңбыр, қар суы жиналады. Салдарынан тұрғындарға белуардан батпақ кешуден басқа амал жоқ.


«Асфальт керек. Мына бала-шағамыз қиналмасын, мен сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтар қиналмасын. Мына кісі, мен де мүмкіндігім шектеулі. Өлетін болдық шынын айтқанда. Не деген сұмдық бұл? Қаланың қақ ортасында тұрып, осындай батпаққа батып отырмыз» дейді тұрғындардың бірі.


Бір жарым шақырымға созылған көшенің жырын айтып тұрғындар әкімдікке талай барған. Бірақ, ондағылар жұртты жұмысымен емес, жылы жылы сөзімен жұбатып келеді екен. Құрғақ уәдеге тойған тұрғындар аудан әкімдігі мен АЖ басқармасын енді іске кіріссе дейді.

«20 жылдан бергі әңгіме осы. Ойбай Жәке қатырамыз келесі жылға кіреді, асфальт бастайды. Сәл тұра тұрыңыз дейді. Бос уәде» дейді тұрғындар.

«Самал-2» шағынауданындағы мәселе сапасыз жолмен ғана шектелмейді. Тұрғындарды тағы қоғамдық көлік проблемасы мезі еткен. Ауданға бар жоғы екі бағыт қатынайды. Оның екеуі де кіші қоғамдық көліктер.


20 жыл сабыр сақтаған самалдықтарға тағы біраз батпақты жолмен жүруге тура келеді. Себебі жобалық сметалық құжатты енді дайындап болған басқарма өкілдері бюджеттен бөлінетін қаржыны күтіп отыр. Оның қашан берілетіні бір Құдайға аян.

Назерке Үкібасова