Еліміздегі барлық агроқұрылымдардың 33 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Олардың тең жартысынан астамы ұсақ және майда шаруа қожалықтары. Былтыр жылына 2-3 рет астық жиған диқандардың арқасында қазына 39 млрд. теңгеге толыққан.

Бұл туралы Келес ауданында өткен «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу – көкөніс шаруашылығын дамытудың негізі» атты семинар-кеңесте айтылды. Жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Израиль – Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаил Роэге, ғалымдар, аудан, қала, ауыл округтері әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына саладағы еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 жылда 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Осы орайда, Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып, 2019 жылы «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын қолға алған болатынбыз. Нәтижесінде, 3 млрд. теңгеге 107 жоба іске асып, 39 млрд. теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Қосымша 364 жұмыс орны ашылды», – деді жиын барысында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі саналатын Израиль мемлекетінің жалпы аумағы Түркістан облысының 6/1 бөлігін құрайды, делінді жиын барысында. Соған қарамастан, жылына 1 млрд. АҚШ долларының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Түркістан облысы климатының жайлылығы мен топырағының құнарлығын түсінген осы ел ғалымдары жылына бірнеше рет өнім жинау әдісіне аса қызығушылық танытуда.

Жылына бірнеше рет өнім алу тәсілінің тиімділігін шетелдік ғалымдардың өзі мойындап отыр.

Осы әдіс арқылы 1 гектар жерден жылына 6-7 млн. теңгеге дейін табыс табуға болады. Биыл да бұл істі әрі қарай дамыту мақсатында әр ауылдық округте кеміне 10 жобадан іске асыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде өңірде 600-ден астам шаруа қожалығы бірінші өнім егініне кіріскен.

Өңірде етек жайған жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологиясын ендіру шығына төленетін субсия көлемін 400 мың теңге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Барлық тыңайтқыштар, гербицидтердің түрлерінің 50 пайызын субсидиялауды басталды. Бұған биыл алғаш рет пестицидтер, инсектицидтер де қосылды.

Ауқымды шарада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тыңайтқыштар, гербицидтер және ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізушілер өнімдері таныстырылды.