Биыл Түркістан облысында 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

231

 

Түркістан облысында жалпы 906 мектеп бар. Оның 900-і — мемлекеттік, 6-ы — жекеменшік. Биыл қосымша 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыста 5 үш ауысымда білім беретін мектеп бар. Өткен жылы үш ауысымда білім беріп келген 3 мектептің құрылысы пайдалануға берілген.

«Облысымызда 4 мектептің ғимараты апатты жағдайда болатын. Былтыр 2 апатты мектептің орнына жаңа ғимараттары салынып пайдалануға тапсырылды. 2020 жылы 7 апатты мектептің орнына жаңасын салу мақсатында 3 мектептің құрылысына қаржы бөлініп отыр. Республика бойынша дәретханасы далада орнатылған 2352 мектеп бар болса, соның 60 пайызы Түркістан облысында орналасқан. 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық мектептердегі ішкі дәретханалар қалпына келтіріліп, сыртқы дәретханалар санитарлық талаптарға сәйкестендірледі. Мектептерге түгел қоршаулар қойылады», — деді басқарма басшысы.

Оқушылардың қауіпсіздігі үшін облыстағы 900 мектептің 98 пайызында бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін облысымыздағы мектептер бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылмақ.

Айта кетерлігі, оқушыларды қосымша біліммен қамтуды 70 пайызға жеткізу мақсатында 11 ауданда «Оқушылар үйі» ашылуда.

«Облысымыздың 138 оқушысы халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанды. ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары 140 балды республикада тек біздің облыс түлегі ғана иеленді. Сонымен қатар, 2019 жылдың қорытындысымен облысымыздың 3 педагог қызметкері республикада «Жылдың үздік педагогы» атанды. Сондай-ақ, «WorldSkills-2019» республикалық чемпионатында облысымызды 17 колледж студенті жеңімпаз атанды»,- деді Рахымбек Қуатбекұлы.