Дәретхананы дәрісханаға ыңғайластырған…

314

Халқының саны 1 миллионнан асқан Шымкент мектептің құрылысы бойынша республикада көш бастап тұр.

Алайда шаһарда үш аусымда оқитын, ескірген білім ошақтары жеткілікті. Мәселен Сайрам тұрғын алабында 300-ге тарта оқушы бұрын қойма болған бірқабатты ғимаратта дәріс алып жатса, №79 мектептің оқушылары әжетханаға ыңғайластырған бөлмеде оқуда.

№ 79 мектептің 2-ші сынып оқушылары отырған мына тар бөлме бұрын әжетхана болған. Сынып бөлмелері жетіспегендіктен мектеп басшылығы үш жыл бұрын дәретхананы дәрісханаға ыңғайластырған.

Бұл мектеп өкен ғасырдың 30 жылдары салынған. 600 орындық білім ұясында тоғыз жүзге тарта бала оқиды. 90 жылдан асқан білім ошағындағы үш ғимараттың бірі апатты деп танылып, бұзылған. Мүшкіл халдегі мектеп жайлы естіген Шымкент әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы инвестор тауып жаңа мектеп салып бермек.

Карлыгаш Мамыргалиева

Қарлығаш Мамырғалиева, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ құрылыс департаментінің директоры: «Жансүгіров көшесіндегі № 79 мектептің аумағында 300-400 орындық жаңа мектептің құрылысы биыл басталып,  пайдалануға келесі оқу жылында тапсырылмақ. Бұдан бөлек, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Сайрам тұрғын алабындағы қойма болған бір қабатты  №109 мектепте оқып жатқан 300-ге тарта оқушы үшін жаңа мектепті салып беретін инвестормен келісімшарт түзген».

Шымкент әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясы Шымкентте 10 мектеп салуды жоспарлап отыр. Жаңа нысандар «Тұран», «Жаңа Тұрлан» шағынаудандарында да бой көтеретін болады. Оны инвестор тарту арқылы жүзеге асыруды жоспарланған. Бүгінгі таңда 6 инвестор келісім беріп те қойған.

Байбосын Бектұрсынов, кәсіпкер: «№79  мектептің ауласында  жаңа мектеп ғимаратының құрылысын биыл тамыз айында  бастамақпыз. Құрылыс оқу процессіне еш кедергі болмайды, аумақ қоршалады және қауіпсіздік шараларды қамтамасыз етеміз. Мектепті келер жылдың жаңа оқу жылында бітіруге тырысамыз».

Шымкент аумағында 140 мектеп бар. Үш аусымдық және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында биыл бюджет есебінен 13 мектеп салынады.

Шынар Оразова