Доллар өскенімен әлеуметтік маңызы бар азық — түліктердің бағасы көтерілмейді деп сендіреді жауаптылар. Тұрақтандыру қорын құру міндеті жүктелген «Шымкент» әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпкерлік субъектілерінің айналымына қарыз қаражат беру арқылы бағаларды тұрақтандыруда.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары нарықты күнделікті зерделеп отырады. Бүгінде корпорациямен жасалған келісім негізінде «ГраМад» ірі сауда дүкенінде әлеуметтік маңызы бар 11 тауар әлеуметтік бағада сатылады.
Ғани Қарабеков, «Шымкент» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
«Құжатқа сәйкес біз оларға 800 млн. теңге банктік кепілдік бойынша қарыз береміз. Қарызды олар бізге 0,1 пайыздық мөлшерлемемін қайтарады. Бұл қаржыға олар әлеуметтік маңызы бар 11 тауарды комиссия ұсынған әлеуметтік бағада сатады. «Грамадтың» әзірге екі дүкенінде аталған тауарлар бекітілген бағада босатылуда. Жыл басында тек 4 тауарды әлеуметтік бағада босатқан болатын».
Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан дүкеннің тұрақты тұтынушысы Галина Шамрикова азық-түлікті осында сатып алады. «Әлеуметтік қатардағы бағалар арзан», — дейді зейнеткер. «Доллар қымбаттады дейді, шатағымыз жоқ. Зейнетақымыз азық- түлігіміз бен дәрі -дәрмегімізге жетсе болғаны. Жасымыз келді, жаңа киім сатып алмаймыз, бұрынғы киім-кешегімізді киеміз. Бағаны тұрақтандырмаса болмайды. Мен ғой жалғызбын. Көпбалалы отбасыларына қиын қазір»,- дейді Галина Павловна.
Зейнеткерлерді қолдау мақсатында сауда орнында тауарларға 5 пайыздық жеңілдіктер де қарастырылған. Мына қатарда құмшекерден бастап күріш, қарақұмық, ұн, күнбағыс майы, макарон өнімдері, жұмыртқа жалпы әлеуметтік маңызы бар 11 тауар бар. Үкімет бекіткен 19 тауардың әзірше 11-і әлеуметтік бағада сатылып жатыр.
Екатерина Реснянская, дүкен өкілі: «Халыққа ыңғайлы болу үшін қазір «Грамадтың» екі дүкені яғни, Ә. Жангелдин көшесіндегі бұрынғы «Айгүл» дүкені мен Қ. Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында дүкендер ашылады. Ол сауда орындарында да әлеуметтік маңызы бар 11 тауар сатылады».
Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын үнемі қадағалап тұрамыз дейді. Бұдан бөлек қаладағы 4 аудан әкімдігі өз аумақтарындағы шағын базарлардың жанында жылжымалы әлеуметтік дүкендерін ашқан.
Мұнда күріштің келісі — 250 теңге, пияз — 70, сәбіз 90-100 теңге, картоп 70 пен 90 теңге аралығында саудаланады. Бағалар базардағы бағалардан 20-30 теңгеге арзан.
Шынар Оразова