Гросс тренажерін жасаушы Түркістандағы сал ауруы бар балаларға көмекке келді

531

Церебралды сал ауруы бар балаларды аяққа тұрғызатын Гросс тренажерін ойлап тапқан шетелдіктер Түркістанға арнайы келіп, өңірдегі науқас балаларға көмек беруде.

Жергілікті нұсқаушыларға шеберлік сабағын өткізген шынығу құралының авторы Юхан Гросс мәнерлеп сырғанаудан Эстонияның төрт дүркін чемпионы, әлемге аты әйгілі спортшы. Ол өз шәкірттерін жаттықтыруға арналған тренажерді осыдан жарты ғасыр бұрын ойлап тапқан. Уақыт өте бұл қондырғының сал ауруының зардабын тартқан балаларды, Даун синдромы, ортопедиялық және неврологиялық патологиясы бар балаларды емдеуге тиімді екендігі белгілі болды.

Түркістан қаласындағы №16 мектептің психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне ресейлік «Грос» тренажеры орнатылды. Емдік қондырғы қимыл-қозғалысы бұзылған балаларды оңалтуға, дене салмағын төмендетуге, тіпті баланың есту-сөйлеу қабілеті мен ақыл-ойының дамуына да көмектеседі.

Өңірде зерде бұзылыстары бар және ерекше білім беруді талап ететін балаларға арналған 16 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Онда науқас балаларға логопед, психолог, дефектолог мамандары көмек береді. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар жалпы мектептерде білім ала отырып, инклюзивті кабинеттерде ем қабылдайды.

Жалпы, облыс бойынша есту, көру, тіл кемістігі мен ауытқуы секілді зерде бұзылыстары бар 22 мыңнан астам бала бар. Олардың 3000-ға жуығына ұстаздар үйлеріне барып сабақ берсе, қалғандары мектеп-интернаттарында және жалпы орта мектептерде білім алады.