Шымкентте үйлер жөнделіп жатыр Мереке қарсаңындағы қарбалас. Биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін алған Шымкентте талай жылдан бері жөндеу көрмеген көпқабатты тұрғын үйлер жаңартылып отыр.
Билік пен бизнес өкілдері алдымен орталық көшелердегі баспаналарды жөндеуге күш салуда. Әрі қарай бұл жұмыстар тұрғындардың ұсыныстарына қарай жалғасады.
«Елу жылда ел жаңа». Пайдалануға берілгеніне жарты ғасыр уақыт болса да, бұл үйлер жартымды жөндеу көрмеген. Биыл шетелдерден атағы дүрдей мәртебелі қонақтардың келуіне орай баспаналар бір жаңарып қалатын болды. Мұндай жұмыстар байырғы тұрғын Мақсұт Құсайыновты да қуантып қойды. Үй төрағасы болған ол баспаналардың жөндеуіне тұрғындардар қаражат жинаудың мұң екенін жасырмайды.
Мақсұт Құсайынов, тұрғын: «Жөндеу жұмыстарына халықтың ақша беруі қиын. Өзім үй төрағасы болғанда оның азабын әбден тартқанмын. Қазір міне үйлеріміздің қасбеттерін кәсіпкерлер жөндеп беріп отыр. Енді баспаналардың шатырын ауыстыру керек. Әйтпесе жаңбыр жауғанда төбеден су өтіп, жөнделген қасбетті бүлдіруі мүмкін».
Жөндеу жұмыстарының қарқыны қала әкімінің бақылауында. Мұрат Әйтенов пайдалануға берілген Республика және Тәуке хан даңғылдары бойындағы жұмыстарды қарап шықты. Бұл құрылысқа 13 мердігер жұмылыпты.
Алдағы уақытта Темірлан тас жолы, Бейбітшілік және Жібек жолы көшелері бойында орналасқан көп қабатты 30 үйдің қасбеті жөнделеді. Қазір жауаптылар тұрғындардың өтініштерін ескеріп өзге аумақтағы үйлердің де жағдайын зерделеуде.
Мақпал Рысбаева