9 наурызда мұнай бағасы күрт құлдырап, еліміздегі ақша айырбастау пунктерінде 1 доллардың құны 400 теңгеге жуықтады. Мұнай бағасы 30-35 пайызға төмендеп, Brent маркалы мұнай баррелі 31-32 долларға дейін түсті. Содан келіп, теңгенің долларға шаққандағы бағамы шатқаяқтап, сейсенбі күні ашылған Қазақстан қор биржасында 1 доллардың орташа сараланған бағамы 393,50 теңге болды.
Мұнайдың күрт арзандауына өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей елдерінің кездесуі сәтсіз аяқталуына себеп. Аталған мүше мемлекеттер мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайту не бұрынғы келісімдерді сақтап қалу бойынша келіссөздер жүргізді. Алайда тараптар өзара келісімге келмей, Ресей тарапы ұсыныстарды қабыл алмады. Содан кейін Сауд Арабиясы «баға соғысын» бастады.
Сонымен экономикасы мұнайға байланған еліміз арзан мұнай, құнсыз теңге және коронавирус таралуы жағдайында қалай болмақ?
Ең алдымен 9 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойын-ша, Премьер-Министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.
Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Ал 10 наурызда үкімет отырысы өтіп, сосын сала министрлері баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына жауап берді. ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, сол кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «әлеуметтік төлемдердің мөлшері алдағы уақытта қысқаруы мүмкін бе?» деген сауалға жауабы былай болды:
– Әлеуметтік міндеттемелерін Үкімет толық көлемде орындайтын болады, оған 3,4 трлн теңге қарастырылған. БАҚ тарапынан «әлеуметтік төлемдер келесі жылы, одан арғы жылы да қысқаруы мүмкін бе?» деп сұрақ қойып жатыр. Әлеуметтік төлемдер ешқашан қысқармайды. Бұл – бүгінгі Премьер-Министрдің тапсырмасына ғана сәйкес емес, 10 жылдан астам уақыттан бері біздің еліміздегі әлеуметтік саясаттағы негізгі ұстанымдардың бірі. Қайта қосымша, егер алдағы уақытта инфляция деңгейі өссе, төлемдердің мөлшерін арттыру қарастырылатын болады,-деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, инфляция жоспарланған дәліз деңгейінен асып кеткен жағдайда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері индексацияланады.
– Егер инфляция деңгейі жоспарланған дәлізден шығып кететін болса, онда зейнетақы мен жәрдемақы көлеміне индексация жасалады, — деді Біржан Нұрымбетов.
Айта кетейік, еліміздің Ұлттық банк инфляция деңгейін 6,8 пайыздық дәлізде бекіткен.
Ал мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін қаражат көзін қайдан алады? Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне шығындарды оңтайландыруға қатысты тиісті тапсырма бар.
–Инвестициялық жобалардың кейбірін келесі жылға ысыруымыз мүмкін. Яғни биылға жоспарланған кейбір жобаны бастамай-ақ қоюға да болады. Келесі қаражат көзі – өткен жылдың қорытындысы бойынша артылып қалған кассалық қалдықтар. Оның көлемі үлкен болмаса да баршылық. Сонымен бірге қаражат тартудың тағы бір амалы — бюджет дефициті болмақ. Себебі әдістеме бойынша дефицит көлемі ЖІӨ-нің 3 пайызына дейінгі мөлшерде болуы керек. Аз көлемдегі дефицит те резерв екенін ескеру керек,-деді Руслан Дәленов.
Сондай-ақ, Руслан Дәленовтың есептеуінше, валюта бағамының өзгеруіне байланысты елімізде азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттамауы тиіс.
– Баға өте маңызды мәселе. Мұны азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар деп екі бөлікке бөліп қарастыруға болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, азық-түлік тауарларының басым бөлігі елімізде өндіріледі, жергілікті ресрустарға байланған. Сондықтан валютаның, доллардың теңгеге бағамының өзгеруі салдарынан баға өзгеріске ұшырамауы тиіс. Азық-түлік бағасына маусымдық жағдайлар, тауарлық кедергілер сынды жайттар әсерін тигізуі мүмкін. Бәсекелестіктің болмауы, ымыраласу да бағаға әсер етуі ықтимал,-деді ол.
Министрдің сөзінше, техникалар, электронды техникалар, фармация сынды отандық өндіріс жоқ немесе лайықты емес тауарларға теңге бағамының өзгеріске ұшырауы әсерін тигізеді.
– Дегенмен, біз мұндай жайтты 2009 жылы, 2016 жылы бастан кешірген едік. Ол бірнеше бағытты болып келеді. Ең алдымен фармация саласында шарттасу институты бар. Бірыңғай дистрибьютор негізгі тауарларға шарттасып қойды. Электроника саласына қатысты айтар болсақ, әлемдік брендтер алдын ала жергілікті жердің сұранысына бағаның сай болуын ескереді. Сондықтан электроника саласында әдетте баға бұрынғы деңгейде қалады. Баға ымыраласулардың барлығының алдымен ескерту түрінде, одан кейін тексеру түрінде жолы кесіледі. Сондықтан біз инфляциялық процесті сыртқы әсерлер қолайсыз болып тұрғанның өзінде бақылап отыруға болады деп санаймыз,-деді Дәленов.
Және бір маңызды сұрақ, қазіргі таңда ақшаны қай валютада ұстаған дұрыс? Бұл сауалға да ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жауап берді.
–Бұл жерде әркімнің өзіндік стратегиясы жеке сипатқа ие. Бәрі де әр азаматтың өзінің шығынына байланысты. Егер сіздің шығыныңыз – ұлттық валюта, яғни теңге арқылы шығып жатса, әлбетте қаражатты теңгемен сақтаған абзал. Ал егер шығыныңыз басқа валюта арқылы шығып жатса, онда қаражатыңыздың бір бөлігін сол валютада сақтаған дұрыс. Менің жеке пікірім осындай,-деді Руслан Дәленов.
қазір валюта айырбастау нарығында спекулятивтік әрекеттер байқалып, дабыра туындап, жұрт жаппай доллар сатып алып жатыр. Әйткенмен, елдегі бірқатар экономист-сарапшылар валюта бағамы алдағы 1 апта көлемінде тұрақталып, бір ретке келетінін айтады.
«Оңтүстік Рабат», №11, 11 наурыз 2020ж