«Көліктен де, баспанадан да айырылдық»… Қаржылық пирамиданың құрбаны болған шымкенттік тұрғындар осылай шағынып отыр.
300 мың теңгеден бастап салым салған тұрғындар баимиын деп барынан айырылыпты. Ал оңай жолмен олжалы болуды көздеген әккілер бірер айдан кейін-ақ салымшылармен байланысты үзіп, тайып тұрған. Ауадағы ақшаға алданғандардың ендігі тағдыры қалай болмақ?
Бұл азаматтар қаржылық пирамидаға өздері ғана кіріп қоймай, туған-туыс, дос-жарандарын да тартқан. Бірі тез арада несие рәсімдеп, бірі көлігін сатып, енді бірі баспанасын тігіп, тәуекелге барған. Жылтырақ жарнамаға еліткендер 300 мың теңгеден бастап салым салғандарын айтады.
«Салымдарымыздың белгілі бір пайызын бірнеше ай бойы алып келдік» дейді. Осылайша, елдің сеніміне кірген әккілер бір күнде ізін суытып үлгеріпті. Қыруар ақшасынан айрылып, сан соғып қалған тұрғындарды ішкі істер саласы мен билік өкілдері сабырға шақырды.
Арыз-шағымдардың негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанына сендірді. Қазір Шымкентте қаржылық пирамиданың құрбаны болдық деп шағымданған 300-ден астам тұрғыннан арыз қабылданған. Жедел іздестіру операцияларының нәтижесінде құзырлылар қаржылық пирамида құрды деп күдіктелген екі азаматты ұстаған. Сонымен қатар, пирамидаға тігілген 65 көлік пен 15 баспана анықталған. «Мүліктер қазір бұғатталды» дейді полиция департаментінің өкілдері.
«Арыз жазбасаң, ақшаңды қайтарамын». Онсыз да қолындағысынан айырылып, әрі-сәрі күй кешкен тұрғындарды құзырлыларға шағымданбауға үгіттеп жүргендер де бар екен. Солардың сөзіне сеніп, арыз жазуға асықпай жүрген азаматтармен полиция өкілдері тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Мақпал Рысбаева