«Құрылысшылар үйді жөндеп береміз деп пәтерімізді бұзып кетті». Шымкенттегі Сапарқ датқа көшесіндегі № 19 үйдің тұрғындары осылай дейді.

Арнамызға арызданған халық сейсмонығайту кезінде бүлінген баспаналарымызды мердігерлер қайта қалпына келтірмей жатыр деп шағынады. Ал құрылыс компаниясының өкілдері жөндеуге қажетті шығындардың ақысын тұрғындар місе тұтпай отыр дейді.

Тахир Дарханбаев жөндеу жұмыстары жоспарымда жоқ еді дейді. Сейсмонығайту жұмыстарын жүргізген мердігер компания басшылары пәтер қожайынына небәрі 400 мың теңге беріпті. Бұл құрылыс кезінде кеткен олқылықтарды түзетіп алу үшін берілген шығын. Алайда, 4 бөлмелі пәтердің бүлінген жерлерін толықтай қалпына келтіріп беру үшін қазірдің өзінде 2 млн. теңге жұмсалғанын айтады. Әлі құрылысшылардың ақысын беруім керек дейді ол.

Тахир Дарханбаев, пәтер иесі: «Пәтерімді осыдан бір-екі жыл бұрын ғана жөндеуден өткізгенмін. Сейсмонығайтудан кейін тағы да жөндеуге тура келді. Пәтердің еденін ауыстырып, түсқағазын жаңалып жатырмыз. Жұмысшылардың ақысын қоспағанда 2 млн. теңге қаражат жұмсадым».

1968 жылы салынған көпқабатты тұрғын үй былтыр сейсмонығайтуға жатқызылған. Құрылыс маусым айында басталған. Осыған дейін жұмысшылар пәтерлердің еденін алып тастап, топырағын сыртқа шығарған. Үйдің іргетасына жапсарлас құйылған бетоннан жасалған жолақты да ауыстырдық дейді. Мердігерлер құрылыс кезінде бүлінген пәтерлерді жөндеу үшін тұрғындарға өтемақы төленді дейді.

Асанәлі Ералыұлы, мердігер компанияның өкілі: «Біз негізі едендерді ауыстырып беруге міндеттіміз. Құрылысшылар құрылыс кезінде түсқағазды бүлдіріп алған болса керек, оларды да қалпына келтіріп берейік. Бірақ, бізге барлық пәтерді жөндеп беріңдер дейді».

Маусым айында басталған сейсмонығайту жұмыстары биылғы жылға өтпелі. Жобаға сай қараша айына дейін аяқталуы тиіс. Бұл мақсатқа 80 млн. теңге қаралыпты. Әзірге қаражаттың 10 пайызын ғана алған құрылысшылар өз күшімізбен екі айдың ішінде баспананы толықтай нығайтып береміз деп сендірді.

Мақпал Рысбаева