Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, қалада медицина мамандары коронавирустың алдын алу мақсатында күшейтілген жұмыс режимде жұмыс істеуде. Дәрігерлер қаладағы ХҚКО-ның 11 бөлімшесінде кезекшілікке түсіп, орталыққа келген азаматтарға медициналық көмек көрсетуде. Мұнда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қызмет талабына сай жүргізілуде.

Әуежайда да профилактикалық шаралар қатаңдатылған. Халықаралық бағыттарға әуе рейсі шектелген.Қазір мұнда №9 қалалық емхана қызметкерлері Халықаралық әуежайдан бөлек, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан келген тұрғындарды бақылауға алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап карантин жарияланған болатын. Қазір бұл қалаларға кіріп шығуға шектеу қойылған. Ал Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан Шымкентке келген тұрғындарды дәрігерлер үйме-үй аралап, емханаға уақытша тіркеуге шақыруда.

Айта кетсек, Шымкент қаласында коронавируспен науқас тіркелген жоқ. Карантинге жабылған қалалардан келген жолаушылар 14 күнге үйде оқшауланады.