Қазақстан Республикасында коронавируске байланысты төтенше жағдай енгізілуіне орай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, COVID-19 коронавирусының таралуына жол бермеу мақсатында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен ауқымды іс-шаралар, семинарлар, конференциялар уақытша тоқтатылды.

Департаментпен телекоммуникациялық және басқа да байланыс құралдарын пайдалану арқылы коммуникацияларға барынша өту және туындайтын мәселелерді шешу қолға алынды.

Азаматтардың қатысуымен жүргізілетін тергеу және жедел іс-шараларды жауап алуға арналған бөлмелерде өткізу кезінде респираторлық гигиена ережелерін және басқа да сақтық шараларын сақтау қамтамасыз етіліп, байланыссыз термометрияны, сондай-ақ ЖРВИ-ның (жедел респираторлық вирустық инфекциялар) басқа да көрнекі белгілерін қолдану арқылы анықталған дене қызуы жоғары белгілері бар тұлғаларға (қызметкерлерге/жұмысшыларға, қызмет көрсететін персоналға, қылмыстық процеске қатысушыларға және өзге де келушілерге) Департаменттің әкімшілік ғимаратына кіруге тыйым салынады.

Сонымен қатар, азаматтарды қабылдау қазіргі заманғы байланыс құралдарын (әлеуметтік желілер, Skype және тағы да басқа) пайдалана отырып жүзеге асырылуда.
Департамент басшылығына қабылдауға алдын ала жазылу 8(7252) 98-14-20 нөмірі арқылы жүргізіледі.

Одан бөлек, азаматтардың өтініштері egov.kz электрондық үкімет порталы мен «Қазпошта» АҚ арқылы хаттар жіберу мүмкіндігі сақталуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығына қол қойып, еліміздің барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілді.