фото Muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Шымкент қаласының Бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлының қала тұрғындарына арналған
ҮНДЕУІ

Қадірлі жамағат, құрметті қала тұрғындары!

Ауыру айтып келмейді, дегеніндей коронавирус (COVID-19) жұқпалы ауруының таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Өкінішке орай, аталмыш инфекцияның жылдам таралуы қатерге айналып отыр. Бүкіләлемдік Денсаулықты сақтау ұйымы коронавирус – COVID-19 ды пандемия деп жариялады. Пандемия атауы жаһандық ауқымда таралатын, адамнан адамға оңай жұғатын, ажал құштыратын вирусқа қолданылады. Коронавирус инфекциясы өте жұқпалы, қатерлі ауыру.

Қазақстан үкіметі тарапынан ауырудың таралмауы үшін профилактикалық шаралар дер кезінде амалға асырылуда. Түрлі бұқаралық іс шаралар, отбасылық, еске алу жиындары тоқтатылуы туралы арнайы қаулы да қабылданды. Сондай ақ, қалалық әкімшіліктер тарапынан барлық діни жоралғыларды орындау шараларын шектуге, діни рәсімдерді үй жағдайында атқару қажеттілігі жөнінде ұсыныстар жасалды.

Аталмыш дерттен сақтану шаралары ретінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет Қазақстан халқын сабырлыққа шақырып, үндеу жариялады. ҚМДБ ғұламалар кеңесінің кезектен тыс, шұғыл жиыны өтіп, белгілі дін ғалымдарының, өзге елдердегі муфтияттардың діни шешімдері мен пәтуалары, ислам тарихында орын алған осы секілді ауыруларға қатысты деректер қаралып, пәтуә қабылданды.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы өкілдігі жанындағы Ақылдастар алқасы мен қаланың діни қызметкерлерімен ақылдаса отырып, қала тұрғындарына төтенше жағдайға байланысты діни жоралғылар мен рәсімдерге қатысты түсіндіру үндеуін жариялап отырмын.

Ардақты ағайын! Ислам адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абройына қасиетті, ең құнды дүние ретінде қарайтын дін.

Алла тағала Құран кәрімде: «…өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп қатерге салмаңдар…», дейді. Бұл «Бақара» сүресі, 195-аятының бір бөлігі. Мағынасы, өкініші бар қатерден қайтаруды және денсаулыққа қауіп төндіретін, жұқпалы кесірі бар аурулардың таралуының алдын алуды қамтиды.

Хадис шәріпте: ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға зиян көруден және өзгелерге зиян келтіруден сақтануды ескерткен.

Ислам тұжырымдамасында «Жақсы амалды істеуден зиянды істі қайтару бұрын тұрады» немесе «Қиын іс жеңілдікті талап етеді» деген қағидалар бар. Сөз төркіні, адамзаттың өмір сүру салты үшін арналған ислам шариғаты – түрлі ауыру сырқаттардан сақтану жолдарын қарастырады.

Біріншіден, Исламның басым бағыттарының бірі – жеке адамның денсаулығын сақтау. Осы тұста, ата дініміз ауырудың алдын-алу шаралары мен емдеу әдістерін, денсаулықты сақтау және күту тәсілдерін насихаттаған. Ең бастысы жұқпалы індеттің алдын алу үшін тазалық шараларына аса мән беру қажеттігін ескерткен. Иманның жартысы тазалықтан тұрады. Исламдағы тазалық – тек құлшылық немесе сауап іс қана емес, ол міндетті шара. Өйткені намаздың дұрыстығын киім, дене және мекен тазалығы анықтайды. Сонымен қатар, исламдағы тазалық – қол мен бетті күніне кемінде бес рет жуып, денені ластанудан, кірлеуден, микробтардан сақтау. Олай екен, ауырудың алдын алу үшін тазалыққа аса мән беру шарт.

Екіншіден, Ислами ілімдер профилактикалық медицинаның барлық бөлімдерін қамтиды және қоғамдық денсаулықты сақтау үшін кеңестер береді. Атап айтқанда жұқпалы аурулардың алдын алу, соның ішінде карантин, науқасты оқшаулау, вирус бар елге (жерге) бармау және індет басталған жерден кетпеу туралы ұсыныстар мен медициналық көмек пен дәрі-дәрмектерді қолдану, вакцинация және прафилактикалық емдеу.

Науқасты оқшаулау яғни, карантин – Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен. Осыған орай айтылған хадис шәріпте: «Алапес ауыруына шалдыққан адамнан арыстаннан қашқандай, қаш!», — делінген (Әл-Бухари, Муслим риуаяты).

Эпидемиямен күресте ислам маңызды ереже орнатқан – бұл бағытты қазіргі заманғы медицина да ұстанады. Ол ереже туралы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер сіз қандай да бір жердегі оба туралы естіген болсаңыз, онда ол жерге бармаңыз. Егер ол сен тұрған жерде пайда болса, онда ол жерден ешқайда кетпе», деген (әл-Бухари).

Үшіншіден, Қатерлі вирустың таралуына себеп болу мүмкін амалдардың бәрінен сақтану шаралары жүзеге аса бастады. Тіпті қол беріп сәлемдесуден бас тарту қажеттілігі насихатталуда. Кіші қажылық ғибадаты, мешіттерде намаздарды жамағатпен оқу, діни уағыздар мен дәрістерге қатысу, сауат ашу сабақтарына топталу уақытша тоқтатылды.

Шариғат талаптары бойынша, мысалы, қатты жел тұрса, нөсерлі жауын жауса, аяз күшейіп күн суыса мешіттегі жамғат намазына қатыспау үзір саналады.
«Ибн Аббас (р.а.) қатты нөсерлі жауын жауған күні мешіттерде намаз оқуға шақыратын азаншыларға: «Әшһәдү әллә иләһә иллаллаһ», «Уа әшһадү әннә Мұхаммадан Расулуллаһ»ты айтқаннан соң «Һаййа алас солаһ» сөлемінің орнына «әсолату фий буютикум» деп яғни, «үйлеріңде намаз оқыңдар» деп айтыңдар», дейді. Сонда кейбір адамдарға бұл ұнамады. Ол кісі: мұны мақұлдамай тұрсыңдар ма? Кезінде, бұл амалды менен артық адам (яғни Алла Елшісі Мұхеммед) айтқан. Әрине жамағатпен намаз оқу қатаң талапты үкім, бірақ мен үйлеріңізден шығып, лай, балшық басып жүрулеріңізді қаламай тұрмын», дегенін жеткізген.

Парыз намаздарды жамағатпен мешітте оқу шариғат талабы, алайда, адамдар зиян шексе, адамнан адамға ауыру тараса жамағатқа келмей үйлерінде оқу ұсынылады әрі бұл амал олар үшін үзір болып табылады.

Сондықтан, төтенше жағдайда, апталық жұма намазының орнына түскі бесін намазын және күнделікті бес уақыт парыз намаздарды үй де атқару ұсынылады. Қасиетті Құранда: «…Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды…», делінген «Бақара» сүресі, 185-аяты.

Төртіншіден, егер ауырып қалу немесе аурудың таралу қаупі бар болса, ғалымдар атап өткеніндей, сіз мешітке немесе басқа да қоғамдық орындарға бармаңыз. Сондай-ақ, науқас адам басқаларға жұқтырмау үшін мешітке және басқа да қоғамдық орындарға бармауы керек. Қоғамдық орындарда және көпшілік топталатын жиындарда коронавирус инфекциясының таралу қауіпі жоғары. Сондықтан, той-мерекелері мен құдайы ас (жетісі, бейсенбілігі, қырқы, жылдығы) жиындарын уақытша тоқтатып, кейінге қалдыруға шақырамыз.

Сұм ажал жетіп, дүние салған жағдайда жаназа намазын шағын ғана жамағатпен, ең жақын ағайын, туыстың қатысуымен өткізуді сұранамыз.

Шариғат ысырапшылдыққа, мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген аста-төк ас, құдайы тамақ беруді бұйырмайтынын ескертеміз. Ас беру дәстүрлеріне сәйкес ел арасында жүзеге асырылып жатқан діни жоралар мен рәсімдерде мына талаптарды ескеруді сұраймыз:

Қазалы үй иелеріне тамақ әзірлетіп, қонақ күттіріп қою — күнә. Ондай адамдардың қазасына ортақтасып, көңіл айту, қол ұшын беріп, сабырға шақыру, қайғы-қасіреттерін жеңілдетуге тырысу, тамақ әзірлеп апару – сауап әрі сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу әлайһи уасәлләмның сахабасы Жағпар дүние салғанда «Жағпар әулеті мәйіттің ісімен әуре, оларға тамақ әзірлеңіздер», — деп бұйырған. Сондықтан, қазалы үйдің ас-суы мен тағамын туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері әзірлеп апаруды насихаттай отырып, қала тұрғындарын және ел ағаларын Ислам діні талаптары бойынша аза тұту күндері қайғылы отбасының қаражатынан қазан асылуына, тамақ таратылуына тоқтау салуды ұсынамыз. Қазалы үйге сыни көзқараспен қарап, мін тағудан аулақ болуға шақырамыз.

Бесіншіден, ел тұрғындарынан төтенше жағдайға қатысты шараларға түсіністікпен қарауға, оны төзімділікпен қабылдауға, жергілікті биліктің ауыруды алдын алу бойынша шараларына итағат етулерін сұранамыз.
Ел жанды, иманды азаматтарды, кәсіпкерлерді ел-жұрт үшін қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да заттардың бағасын көтермеуге және мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға үндейміз.

Бұл сақтық шаралары уақытша, жағдай дұрысталғаннан соң қайта қалыпты жағдайға көшеміз иншалла. Бірге және бірігіп қана бұл ауыруды жеңеміз.
Батагөй ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардан, үлкендерден және көпшілік жұрттан Аллаға жалбарынып, ауырудан тез айығуды сұрап, дұға жасауларын өтінеміз.
Алла Тағала халқымызды, елімізді түрлі ауыру сырқаттардан, апаттардан Өзі сақтасын! Сырқаттанғандарға шипа берсін! Біз біргеміз!