Жергілікті билік қанша бақылауға алдық десе де, Шымкентте ұн қымбаттады. Салдарынан ас атасы нанның да бағасы өсті. Әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарларын сату міндеті жүктелген «Грамад» дүкендерінде бөлке нан аптаның басынан бері 75 теңгенден сатылып жатыр.

Қаладағы көтерме сауда орындарынан ұн сатып алатын Қалдыкүл Жұманазарова отандық өнім — ұнның қымбаттағанына ашулы. «Көбі жұмыссыз қалып жатқан дәл мынау дүрбелең уақытта ас атасының қымбаттауы қисынсыз. Алдағы аптада 1 қап ұнды 6800 теңгеден сатып алсақ. Міне, енді 7800 теңгеден 1 мың теңгеге қымбаттаған», дейді.

Ұнның қымбаттағаны нан бағасының өсуіне ұласты. Наубайханашы Жаңабай Мұсаев ұнды өңірімізден, одан қалса арзан ұн тауып Қызылордадан әкеліп жүр екен. Тұрақтандыру қорынан әлеуметтік бағада ұн үлестірсе, бізге жақсы қолдау болар еді дейді кәсіпкер.

Жаңабай Мұсаев, жеке кәсіпкер: «Ұн қымбаттады, жақында қала әкімдігі әлеуметтік ұн береміз деп жатыр. Өзіміз шығынға батсақ та, нанның бағасын ұстап тұрмыз».

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды қымбаттатпай сату міндеті жүктелген «Грамад» дүкеніндегілер нан бағасының осы аптаның басынан көтерлігенін растап отыр.
«Бізге әлеуметтік бағада нанды «Атамекен»жеткізеді. Олар аптаның басынан бөлке нанды 75 теңгеден жеткізуде. Біз сол бағада сатып жатырмыз. Ал ұнға келсек , ақтөбелік өнімнің бір қабы 7850 теңге, келісі 157 теңгеден түсіп тұр, жергілікті ұн өндірушілердің бағасынан да кем»,-дейді «Грамад» сауда орталығының өкілі  Динара Ахметова.

Түнде ғана мәлімдеме жасаған қала әкімі  Мұрат Әйтенов әлеуметтік маңызы бар азық-түдіктің бағасын мықтап бақылауға алынғанын айтқан еді. «Шымкент қалалық әкімдігі  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында арнайы штаб құрған болатын. Күнделікті бағаларға мониторинг жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар  азық — түліктің 19 түріне бағаны тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд. теңге қаралған.  Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті, баға бақылауда. Алаңдауға еш негіз жоқ» деген болатын әкім.

Ұн бағасының көтерілуін сарапшылар қордағы астықтың азаюымен және өнімнің экспортқа шығуымен байланыстырады. Егерде оған тыйым салынса, ішкі нарық толығып, ұнның құны бірден түседі дейді тұрғындар.

Шынар Оразова