Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингтен кейін ШЫмкент қаласында БАҚ өкілдерімен шұғыл іс-шара өтті. Кездесу барсында, қала әкімінің орынбасары 20-шы наурыз күні өтетін «Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.
Қалалық денсаулық сақтау басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Темирхан Варзилов дүрлігуге еш негіз жоқ дейді. Инфекцияға тас түйін дайынбыз деген ол коронавируспен күресуге 181 млн. теңге бөлінген хабарлады. Бұл сомаға қосымша керек жарақтар алынады.
Темирхан Варзилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы: «Заласыздандыру шараларына толық дайынбыз. Сонымен қатар, анализ алу арқылы коронавирус бар жоғын 14 күннің ішінде анықтаймыз. Оған дейін күдікті адам аураханада карантинге алынады. Дәл қазіргі уақытта қала бойынша 950 орын дайындалған».
Ал, қаладағы базарларда өзге өңірлердегідей дүрбелең байқалмайды. Тек бүгін ғана сауда күндегіден қыза түсті дейді сатушылар. Алайда, үйіп-төгіп азық-түлік алып жатқандар жоқ.
Соңғы ақпараттарға сәйкес, Шымкент қаласында 61 адам карантинге жатқызылған. Ал, 20 адам үйде бақылауға жатқызылған. Бұл адамдардың көбісі шет елден келген қазақстандықтар дейді жауаптылар.
Ғалымжан Кенжебек