«Шымкентте заң жоқ». Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов мырзаға Шымкент қаласының тұрғыны осылай деп арызын жолдады.
Ол медициналық әлеуметтік сараптаманың өзіне тағайындаған мүгедектік тобымен келіспейді. Ал азаматтың мүгедектік тобын анықтаған мекеме болса, өздерінің тек заң аясында жұмыс жүргізгенін айтып отыр.
Серғалым Емберді, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кентау қаласындағы дәрігерлер сонда оқымаған ба?! Бір кісіге тиесілі 2-ші топтағы мүгедектікті тағайындады. Ал мына жақтағылар қатты оқығаннан кейін маған 3 -ші топ мүгедектігін тағайындап отыр ғой сонда. Келесі жылы шығарайын деп отыр ма? Сол жағын қарасаңызшы сіз дұрыстап, Біртанов. Шыдамның да шегі бар ғой».
Біртановқа базынасын айтып отырған Серғалым Емберді өткен жылы шілде айында жүрегіне ота жасатқан. Аяқ тамырларынан алып жүрегіне салғызыпты. Сонымен, мүгедектікке шығу үшін құжат тапсырғанда 3-ші топ тағайындалған. Алайда, өзімен бір палатада жатқан диагноздары ұқсас Түркістан облысының тұрғынына 2-ші топтағы мүгедектік берілгенін естіп ашуға булықты.
Серғалым Емберді, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұлар маған 3-ші топты беруге тиісті емес. 2-ші топ тағайындауы керек еді заң бойынша. Менімен бірге жатқан кісілер бар. Мен оларды шақыртып та көрсетіп бере аламын. Ол кісілердің аяғынан тамыр алмаған. Ал менің аяғымнан екі тамыр алды. Менікі ауырлау».
Ал медициналық әлеуметтік сараптау мәселелері жөніндегі мамандар әр адамға мүгедектік тағайындау жеке жағдайына қарай шешіледі дейді. Егер мамандардың шешімімен келіспесе, одан жоғары бөлімге, не сотқа шешім шыққаннан кейін бір ай ішінде қайта шағым түсіруге құқылы екен.
Төрехан Даутов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің МӘС басшысының орынбасары: «Бір айдың көлемінде шағым түсіргенде егер шешім дұрыс болмаса, сол шешімді бұзып, басқа шешім қабылдауға болатын еді. Ал енді қазір 4 айдан кейін келіп отырсыз ба? Қараша айы еді ғой иә? Ендігі мәселе емханаға барып, жағдайым нашарлады, мені қайтадан комиссияға тез арада жіберіңдер деп айтуы керек».
Медициналық әлеуметтік сараптау бөлімінің шығарған шешімімен келіспей, одан жоғары тұрған бөлімге шағым түсіргендер саны былтыр 100-ден де көп болыпты. Бірақ олардың ешбірі бір мекемеге бағынышты екі бөлімнен де ойындағы жауап алмаған.
Төрехан Даутов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің МӘС басшысының орынбасары: «Шағымданушылардың нақты саны 100-ден астам. Бірақ бірде біреуі негізсіз шешім шығарылған деп қанағаттандырылған жоқ».
Ал Серғалым Емберді болса, барлық құжатты қайта жинап, тексерілуден өтетінін айтады. Егер шығарған шешімге қайтадан көңілі толмаса, онда аталған мекеменің үстінен сотқа шағымданбақ.
Меруерт Ахан