Шымкентте тағы да жер астындағы су құбыры тесілді. Салдарынан «Сәуле» шағынауданындағы тұрғындар үйсіз қалуы мүмкін. Асфальт астындағы құбырдың тесілгенін тұрғындар үйлері қақырай бастағанда бір-ақ білген. Жедел түрде жауаптыларды шақырғанымен олардан келген қайыр болмады дейді тұрғындар.


Су құбырының осылайша тесіліп, үй астына жиналуы Шымкентте қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұған дейін далаға кеткен су кесірінен «Азат» шағынауданы тұрғындары үйсіз қалған еді. Енді міне Сәуледегі жұрт та көшедегі су құбырының тесілуінен апатты үйде күн кешіп жүр. Үйлерінің асты суға толғанын олар жарты жыл бұрын білген.


Қарлығаш Жақаева, қала тұрғыны: «Бір ай, екі ай аққан жердің астында. Оның барлығы біздің үй сай болғаннан кейін тесік тапқан шығар енді, былай қарай аға берген. Содан мынаның астын су алған. 2-3 күннің ішінде ажырап кетті ғой».


Тұрғындар апатты жағдайдан соң әкімдік пен су арнасы мекемесіне жүгінеді. Алайда, олар жағдайға көрші үйді кінәлап кетіпті. Көшедегі су құбырын қадағаламады деген одан 280 мың теңге де өндіріп алған. Ал, Қарлығаш Жақаеваға көмекті көршіден күт депті.


Қарлығаш Жақаева, қала тұрғыны: «Үкіметке жүгірдім, жүгірдім. Әл Фараби аудандық әкімдігіне де,  қалалық әкімдікке де, «Нұр Отанға» да, «Су арнасы — Маркетинг» ЖШМ-не де бардым. Барлық жерге бардым. Барлығының жауабы бір. Абаненттен өндіріп аласың біз трубаға жауап бермейміз деді водоканал. Әкімшілік те соны қайталады. Азаматтық түрде көршіден өндіріп ал деді».


Осылайша екі ортада қалдым деген әйел амалсыз үйін өз қаржысына жөндеген. Бірақ, оның да қауқары ұзаққа бармапты. Жарты жылдан соң қабырғалар қайта қақырап, баспана қисая бастады дейді 6 баланың анасы.


«Бір бөлмелі магазинде 2-3 ай тұрдым. Осыны істеп кіргенше. Жан-жаққа жүгіргеніммен ешкім көмек берген жоқ. Көңілім қалып, ақша тауып, өз қаражаттыммен қайта көтеріп кіргенмін. Енді міне тұрысы. Қайтадан қайталап жатыр. Үрей менде. Қорқамын. Жүрегім ауырады» дейді.

Жағдайдан хабардармыз деген Әл-Фараби ауданы әкімдігі сұқбат берген жоқ. Ал, су арнасы жауаптылары өздеріне шаң жұқтырмай отыр. Айтуларынша бұл су құбыры жер астындағы газ құбырының кесірінен тесілген. Ал, айып тұрғындарға тағылған. Асфальт астындағы бұл құбырға басқа емес қараша халықтың өзі жауапты дейді олар.

Көшеде тесілген су құбыры кесірінен басапанасы 1 аптаның ішінде қақыраған Қарлығаш Жақаева енді президентке арызданбақ. Күн сайын үреймен ұйықтаймын деген ол бір күні үйінді астында қалмаймын ба деп қорқады.

     Назерке Үкібасаова