Шымкенттегі тойханалар өз жұмысын тоқтатты. Билік қаулысынан кейін кәсіпкерлер той өткізуді қойғанымен, тойшыл қауым думаннан бас тартар емес.

Шымкенттіктер енді атаулы жиынды өз үйлерінде ұйымдастыруға көшкен. Осылайша 100-ге жуық қонақты есік алдына жинаған 90-шы жылдардың тойлары қайта жаңғыра бастады. Бұған қарағанда жерлестерді әлемді алаңдатқан індеттен гөрі тойдың қамы көбірек қызықтыратын сыңайлы.

Бұл Түркістан облысындағы жағдай. Тойшыл қауым елде жүрген індетке қарамай мерекелік дастарханға жиналған. Кейін күтпеген қонақтар келіп, тойды тоқтатыпты. Оңтүстіктегі тойлар осылайша ауыздықтала бастады. Есесіне, ел енді тойды үйінде ұйымдастыруға көшкен.

Үй ауласына дастархан жайған бұл қауымды жиын барысында тарқатпағанымен, бар қызық отбасылық мерекеден кейін басталыпты. Әлеуметтік желіде таралған видео полиция департаментіндегілерді бей-жай қалдырмаған. Шенділер қуаныш иелеріне төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін айыппұл салыпты.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Қалалық полицейлер төтенше жағдай режимін бұзып, жиын өткізгені үшін той иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды».

      Назерке Үкібасова