Жұмысшының құқы, жұмыс берушінің міндеті. Сұрақ-жауап

194

Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз. Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.
Бүгінгі тақырыбымыз жұмыс беруші мен жұмысшы жайында болып отыр.
Оқырмандардың сұрағына Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов жауап берді.

С. Мен 3 жыл декреттік демалыс-та болдым. Енді жұмысқа өз орныма шығайын десем басшылық «орның бос емес» деген сылтау айтып жатыр. Сөйтіп басқа «вакансия» ұсынды. Олар ұсынған жұмыстың жалақысы аз және болашағы күмәнді жұмыс. Ертең ол штатты қысқартып жіберсе, қайтпекпін? Сұрайын дегенім – заң жүзінде бұрынғы жұмысыма орала аламын ба? Басшылық ұсынған штат жұмысына орналасып, кейін ол қысқарып кетсе жұмыстан айырылып қалмаймын ба?

Ж: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің (Бұдан ары — Кодекс) 100-бабының 3-тармағына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында Сіздің жұмыс орныңыз (лауазымыңыз) сақталады. Демек, Сіз бала күтімі бойынша ақысыз еңбек демалысыңыздың кез-келген уақытында жұмыс берушіңізге жұмысқа түсерден бір ай бұрын ескертіп, жұмысыңызды жалғастыруға құқыңыз бар.
Кодекстің 22-бабының 1-тармағына сәйкес Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда, еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға құқылысыз. Бұл іс-әрекеттер тараптардың келісімімен жүзеге асырылады.

С: Көпбалалы анамын. Басшылық қаржы тапшылығына байланысты штатты қысқартып жатыр. Сөйтіп, мені 0,5 ставкада қалдырмақ. Бұл қаншалықты заңды?

Ж: Кодекстің 46-бабының 1 тармағына сәйкес қайта ұйымдастыруға немесе экономикалық, технологиялық жағдайлардың, еңбекті ұйымдастыру жағдайларының өзгеруіне және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге орай, жұмыскер өз мамандығына немесе кәсібіне, тиісті біліктілігіне сәйкес жұмысын жалғастырған кезде, еңбек жағдайларын өзгертуге жол беріледі. Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыскерді еңбек жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша орын алған өзгеруі туралы күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Еңбек заңнамаларда көп балалы аналарға қатысты еңбекті ұйымдастыру жағдайларының өзгеруі және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруы кезеңінде ерекше жағдайлар қаралмаған.

С: Жақында зейнетке шығамын. шығуым керек. Алайда жұмыс орным соңғы 2 жыл бойы зейнетақы жарналарын аудармай келеді. Бұл қаншалықты заңды?
Ж: Зейнетақы аударымдары туралы мәселелерді қарау Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 18-бабына сәйкес Салық органдары құзырына кіреді.

С: Жұмыста жүріп, жарақат алдым. Дәлірегі жұмыста дұрыс орнатылмаған шам басыма түсті. Бас терісіне 4 жерден тігіс түсті. Білейін дегенім, осындай жағдайда жұмыс орнымнан өтемақы сұрай аламын ба? Жарақаттың жұмыс орнында болғанын қалай дәлелдеймін. Себебі, ауруханаға өзім бардым.

С: Жұмыста әріптесіммен сөзге келіп қалдым. Ол өзінің ашуын жеңе алмай бетіме ыстық су шашып жіберді. Бетім қатты болмаса да күйіп қалды. Бұл жағдайда не істеуге болады?
Ж: Жоғарыдағы жұмыс орнындағы жазатайым оқиға бойынша екі сұрақ Кодекстің 187-бабының 2 тармағына сәйкес жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде, белгілеген нысан бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді Кодекстің 188-бабына сәйкес құрылған комиссия жүргізеді.
Кодекстің 189-бабының 2-тармағына сәйкес еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға уақытылы хабарланбаған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар зардап шеккен адамның немесе оның өкілетті өкілінің өтініші бойынша, өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде тергеп-тексеріледі.
Сіз немесе өкіліңіз уақтылы хабарланбаған жазатайым оқиға туралы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға хабарлауға құқылысыз. Сіздің арызыңыз (хабарламаңыз) негізінде мән-жайлар тексеріліп, ресми шешім қабылданатын болады.
Сізбен болған жазатайым жағдай еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынған жағдайда, келтірген зиянды (компенсация) өтеу құқықтары ҚР Азаматтық Кодексіне сәйкес жүргізіледі.
С: Декреттік демалыстан шықпағаныма 9 жыл болды. Дәлірегі, бірінші балам 2,5 жасқа толғанда, екіншісін, ол 2 жасқа толғанда үшіншісін, ол 2,8 жасқа толғанда төртіншісін босандым. Сонымен декреттен декретке жалғасты. Енді жұмысқа шығуға ниетім бар. Өз орныма бара аламын ба? Басшылық қабылдауға міндетті ме?
Ж: Кодекстің 100-бабының 3- тармағына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында Сіздің жұмыс орныңыз (лауазымыңыз) сақталады. Демек, Сіз бала күтімі бойынша ақысыз еңбек демалысыңыздың кез-келген уақытында жұмыс берушіңізге жұмысқа түсерден бір ай бұрын ескертіп, жұмысыңызды жалғастыруға құқылысыз.
Ал осы баптың 2-тармағына сәйкес, бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысы, келесі баланың туылғанын растайтын құжаттың көшірмесін тіркей отырып жолданған өтініш негізінде ұзартылуы тиіс.

Жоғарыда қойылған сұрақтарға ұқсас жағдайлар бойынша тиісті тұлғалар өздерінің құқықтары бұзылды деп пайымдаған жағдайда Басқармадан түсіндірме алуына немесе арызы шеңберінде Басқарма тарапынан тиісті жұмысберушілерге тексеру және профилактикалық қадағалау жұмыстарын жүргізу арқылы өз құқықтарын қорғауына құқылы.
Тексеру және профилактикалық қадағалау жұмыстарын жүргізу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілмейді. Өйткені, Қазақстан Рес-публикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге тыйым салынды.

Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат»,№11, 11 наурыз 2020 ж