Теріскейлік тұрғындар үй жанында басталған құрылысқа қарсы. Онсыз да қисайған үйде тұрамыз деген олар құрылыс кесірінен баспана құлай ма деп қорқады.

Сөздерінше, жертөлесі суға толған №33 және №35 үйдің жанынан басталған құрылыс заңсыз. Жерді меншігіне алған жан алғашында бұл маңға қонақ үй саламын десе, енді нысан мақсатын мүлдем басқа арнаға ауыстырыпты.

Теріскей шағын ауданындағы №33 және №35 үйдің тұрғындары апта басынан бері осы құрылысшылармен араздасып келеді. Сөздерінше, үй маңынан басталған құрылыс жұмыстары заңсыз. Бұған дейін жер иесі құжаттарын көрген олар онда түсініксіз тұстардың көптігін де айтады. Ал, меншік иесі мұнда қонақ үй салмақ екен.


Иса Мекембаева, қала тұрғыны: «Құжаттың барлығын тексертсін деп жатырмыз. Себебі бұл 2007 жылғы құжат алған. 2007 жылдан бастап не үшін ештеңе соға алмаған? Соден бері қанша әкім ауысты. Қаншауы сотталып жатыр. Жер қатынастары бөлімінің де қызметкерлері сотталып жатыр. Бұл заңды берілмеген жер. Соғатын болса, барлығын ережеге сай соқсын. Неге жабыстырып соғып отыр?».


Тұрғындардың айтуынша үй онсыз да жантайған. Жертөлесі суға толы үйдің бұл жағдайы басталған құрылыстан соң одан әрі қиындап кетуі мүмкін дейді. Сондықтан да жауаптылардан араша сұрап, аудан әкімдігіне жүгінген. Арызды қабылдаған жауаптылар тексеріс жұмыстарының басталғанын айтады.


Александр Малахов, Еңбекші аудандық әкімінің орынбасары: «Тұрғындар бізге енді ғана арызданып келді. Тексеру жұмыстарын бастадық. Басты себеп жалға берілген жер бір жақта, ал тұрғындар көрсеткен құрылыс басқа жақта басталғаны анықталды. Әзірге ештеңе салыбаған. Енді ғана қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан да біз заңсыздықтың алдын аламыз деген ойдамыз».

Сөйтсек, теріскейліктер текке күмәнданбаған екен. Расында да құрылыстың жалға берілген жерден емес, басқа жақтан басталғаны белгілі болды. Мұны әкімдік пен жер қатынастары бөлімі де растап отыр. Айта кетейік, құрылыс иесі жерді 2007 жылы жалға алған. Содан бері бос жатқан жердің жалға алу мерзімін олар 2019 жылы бір-ақ ұзартқан.


Нұрғали Бөрібеков, Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасындағы мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы: «2007 жылы берілген жер неге 2019 жылы ғана өтініш берді дейсіз. Ол азаматтың артықшылығы бар. Құжаттың мерзімі өткенімен, қайтадан өтініш беруге мүмкіндігі бар. Сондықтан, заңға сәйкес қаралған».

Осылайша жауаптылар құрылыс жұмысының қаншалықты заңға бағынғанын тұрғындар шулаған соң ғана назарға алды. Айта кетейік, дәл осы жер қатынастары бөлімін шымкенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парақорлар қатарына қосқан еді.

Назерке Үкібасова