Аға буын «Отан соғысы», кейінгі ұрпақ «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп танитын адамзат тарихындағы ең сұрапыл қанды қырғынның өткеніне 75 жыл толса да, сол жылдардың құрбаны болғандардың нақты санын әлі күнге дөп басып ешкім айтып бере алмайды. Кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі деректер мен өзге тарихшылардың мәліметтері қиыспай келеді. Бұл әлі біраз уақыт тарихшылар мен демографтардың зерттеу нысаны болатын тақырып. Әсіресе соғыстың алғашқы жылдарында ауыл шетіне пошташы кірсе, майданнан хабар тосып жүрсе де «осы жолы менің үйіме кірмесе екен» деп тілеп отыратын елдің жағдайы туралы әжелерімізден еміс-еміс еститінбіз.

Майданға аттанған өз атам Әбдірәсіл Мәуленов те, нағашы атам Қошқар Бектұрғанов да қан майданнан оралмағанда дәл осы мақаланы жазбас едім. Әйтсе де, туған жерінде екеуінен де туыстары күдер үзіп, жаназасын шығарып та қойған екен. Енді осы «өліп, тірілген» қос майдангер «қазасы» мен «қара қағаздың» тарихын тарқата кетейін.
1902 жылы туған өз атам Мәуленов Әбдірәсілді (майданнан келген әскери құжаттарда Магдуленов Абдирасим. Ол кезде Азия нәсілді сарбаздардың аты-жөнін қате жазу қалыпты жағдай) сол кездегі Чимкент облысы, Бостандық аудандық әскери комиссариаты соғыстың алғашқы айларында, 39 жасында әскерге шақырған.
Ауылдағы адырда жылқы бағып жүрген атам 243-атқыштар дивизиясының 910-атқыштар полкынан бір-ақ шығады. Бұл дивизия Ярославльде шекарашы және ішкі әскерден, соғыс уақытына сай барынша қысқа мерзімде құралған жасақ болатын.
243-атқыштар дивизиясы құрамындағы ротаның бірінде политрук болған Н.Афанасьев былай еске алады: «Офицерлер мен сержанттар құрамы шекара шебінен, негізінен Орта Азия мен Кавказдан келіп жатты. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының бір бөлігі мобилизациямен шақырылғандар есебінен толықтырылды. Полктар мен тұтас дивизияны жасақтау барынша қысқа мерзімде, тым асығыс жүргізілді. Бөлімшелер мен бөлімдерді қалыптастыру соңына дейін жеткізілмеді. Жауынгерлерге жаңа обмундирование мен арсеналдағы ескі винтовкалар берілді, моншаның орнына адамдар көлде шомылды. Кешікпей полктар эшелонға тиелді. Бағытымыз – әрекеттегі армия. Дивизияны жасақтау мен оны майдан шебіне аттандырудың тездетілгені соншама, сарбаздардың салтанатты ант қабылдауына да уақыт табылмады. Ант жолда және жауынгерлік позицияларда қабылданып жатты».
Осы қарбаластың арасында қатардағы жауынгер Әбдірәсіл Мауленов те бар еді. Оған дейін байдың баласы болғаны үшін «сенімсіз элемент» ретінде армияға алынбаған, әскери тәртіптің не екенін біле бермейтін қарапайым қазақ – менің атамның басына алғашқы өлім қаупі майданға жетпей-ақ төніп қалды.
Бірде түнгі күзетте тұрған атам қалбаңдаған екі үш көлеңкені байқайды. Қараңғыда жылқының түрі түгілі түсін айырып үйренген тау қазағы өзіне қарай жақындап келе жатқан рота командирін жазбай таниды. Танығасын алдынан шығып, амандаспақ болып, бірнеше қадам жүреді.
Сол кезде рота командирінің қасындағы кісілердің бірі: «Боец! Почему нарушаешь устав?! Почему не спрашиваешь кто идет?! Пароль?! Может это враг?!» деп айғайға басады.
Сол ашумен алдында абдырап тұрған сарбазды постын тастап, күллі дивизияға «қауіп төндіргені» үшін трибуналға тапсыруды бұйырады.
Соғыс жағдайында трибунал дегеніңіз – сотсыз атылу. Сәлем беріп, алдынан шыққан адамының дивизия командирі, НКВД-ның генерал-майоры Пархоменконың атын атам ұмытпастай болыпты.
Содан, қолындағы қаруын тапсырып, абақтыға айдалып кете барады. Сол гауптвахтада жазасын күтіп жатып, намазға шындап ден қойған екен. Ал осы кезде кіші командирлердің бірі дивизия командиріне танитын адамға алыстан сес көрсетіп, айғайлау қазақ үшін жат қылық екенін, қатардағы жауынгердің командирін танығандықтан, құрмет көрсеткенінің белгісі ретінде қос қолдап амандаспақ болғанын түсіндіріп, қала берді айыбын қан майданда жууға мүмкіндік беруін сұрап, араша түседі.
Атынан ат үркіген үш әріптің қызметкері қайдан жіби қалғанын, әйтеуір атамды босатады.
Сол жылдың шілде айында 243-атқыштар дивизиясы Мәскеуге ентелеп келе жатқан жауға Смоленск бағытында тойтарыс беруге кіріскен.
1942 жылдың қысында Жаңа жылдың қарсаңында Бостандықтағы Мәуленовтың шаңырағына қаралы хабар жазылған тілдей қағаз келеді. Онда 1942 жылдың 11 желтоқсанында Магдуленов Абдурасидтің Смоленск облысы, Сычев ауданы, Подосиновка деревнясының маңында ерлікпен қаза тапқаны айтылыпты.
«Қара қағаз» алған үлкен әжеміз Қыздаркүл қолындағы екі ұлымен аңырап қала берді.
Шын мәнінде сол шайқаста дәл қасында жарылған минаның жарықшағынан атам қолынан жарақат алып, жамбас сүйегі жаншылып кеткен екен. Шалажансар жерінен санитар төбеттер тауып, майданнан алып шығыпты. Бірнеше ай госпитальда емделіп, елге қайта оралды.
ҰОС ардагері, бес ұл, екі қыздың әкесі Әбдірәсіл Мәуленов туған ауылында 1984 жылы 83 жасына қараған шағында, менің көз алдымда дүние салды. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған мен сол кезде тағы бір майдангер батырдың жұлдызы сөнгенін түсінсемші. Бала кезден бауырына басып, қайда барса да қасынан тастамайтын атамның өз аузынан қан майданда көргенін естіген емеспін. Әлде мен ақпақұлақ ойын баласы болдым ба немесе «қайдағы қырғынды айтып» жас жүйкені тоздырмайын деді ме екен?!
Ол жағын қазір дөп басып айта алмаймын. Майдангердің басынан кешкенін кейіннен, оставкадағы офицер әкемнен естідім.
Енді майданда «қаза болып» еліне аман оралған нағашы атам тарихын айтайын.
1898 жылы туған Қошқар Бектұрғанов да майданға сол Бостандық аудандық әскери комиссариатынан шақыртылған. Майдандағы жолын ол өзі тағдырлас «бір өліп, тірілген» 200-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 642-ші атқыштар полкында өткен.
Соғыстың алғашқы күндерінде Киев түбінде қоршауда қалған дивизия майдан шебін бұзып, өз әскеріне қосылу үшін кескілескен шайқас жүргізеді. Әскери құрам үш ай шайқастан кейін, 1941 жылдың 9 қыркүйегінде Десна өзенінің сол жағалауына өтті.
«Шегінуге болмайды» деген бұйрықты ұстанған дивизиядан қыркүйектің жиырмасына қарай 450 сарбаз ғана қалды. Сол жолы Запорожьеде майдан салған әскери жасақ толығымен жойылып кетті.
Бұл дивизия екінші рет 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында қайта жинақтала бастады. Бастапқыда 425-ші атқыштар дивизиясы болған құрам кейіннен екінші құрамдағы 200-ші дивизияға айналды. 1942 жылдың көктемінде дивизия майданға аттанып, бірден Демянск операциясына қатысты. Жасақ 1942 жылдың басында қоршауға түскен немістің «Солтүстік» әскери тобының негізгі күшін жоюы тиіс болатын.
Алайда сәуір айына дейін соғысқан жау әскері сытылып кетті. 200-ші атқыштар дивизиясы Ленинград облысын жаудан босатып, оны большевизм жүрегі – Ленинградқа жібермей, ұстап тұрды.
1943 жылы дивизия Минск бағытында қарсы шабуылға шығып, жау әскерін тықсыра бастады. 1944 жылдың ақпанында Мәміле атты нағашы әжем майданнан ерінің қаза болғаны жөнінде «қара қағаз» алады. Бұл отызыншы жылдардың соңында сегіз перзентін сүзек алып, онсыз да нала боп жүрген әйелге ауыр соққы болды. Содан үлкен әжеміз қатты сырқаттанып қалыпты. Алайда, 1945 жылы нағашы атам майданнан аман-сау оралды. Тек денсаулығы сыр берген болатын. Өмірінің соңында төсек тартып қалған Қошқар қария жиі жылайды екен. Көз жасын жауға көрсетпеген майдангер неге жылады екен?

Бәлкім, соғыста болса да кісінің жанын алғаны үшін… Ол жағы енді жұмбақ. Көзін көргендер ол кісіні тақуа адам болған деседі.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

«Оңтүстік Рабат», №15-16, 15 сәуір 2020ж