Редакциямызға хабарласқан ана кішкентай қызының мінезін айтып, психолог кеңесіне жүгінеді. Перзентінің мінез-құлқы өзгере бастаса, не істеу керек екенін, қалай қарым-қатынас жасауды білгісі келеді. Кейіпкеріміз хиякасын «Психолог бұрышы» айдарының психологтарына жолдап, кейіпкер хикаясын қаз-қалпында жарияладық.

Сәлеметсіздер ме? 7 жылдан бері бала тәрбиесімен үйде отырған анамын. 3 перзентіміз бар. Ортаншымыз – қыз. Жасы 8-де.
Екі ұлым ашық-жарқын. Кісі жатырқамайды. Айналасындағы жандармен тез тіл табысады. Достары да көп. Сабақты да жақсы оқиды.
Ал қызымыз өте тұйық. Үйде тек менімен сөйлеседі. Анасы болғандықтан, үнемі әңгімеге тартып отырамын. Мектепте де достарымен араласпайды. Үйден тіке мектепке барып, содан кейін үйге келеді. Мұғалімдері де тұйық екенін айтады. Есте сақтау қабілеті де төмен. Тақпақты зорға жаттайды. Бұзық мінезі жоқ. Ешкімді ренжітпейді. Әкесімен де, ағасымен де, інісімен де сөйлесіп кетпейді. Тек керек кезінде ғана оларға сұрақ қояды не олардың сұрағына жауап береді.
Не істесем де қызымның осындай тұйық мінезін жөндей алмадым. Оның мінезін аша алмадым. Басында солай болады, есейе келе ашылады деп өзімді жұбаттым. Бірақ соңғы 6 айда оның кейбір әрекеттінен өзім қорқатын болдым. Өйткені ол кейде ешкімге сөйлемеуді шығарды.
Мысалы өткен айда 2 апта бойына ешкімге тіл қатпады. Сұрақтарға да жауап бермейді. Менімен де сөйлеспейді. Өзі көп сөйлемейтін болған соң әкесі мен бауырлары мән бермеді. Әкесіне айтқан едім, өзі сондай тұйық бала ғой, оған бола алаңдаудың қажеті жоқ деп мені сабырға шақырды. Бірақ мен уайымдаймын.
Қызым бәрін түсінеді. Егер үйде істейтін жұмыс болса, «мынаны істеші» десем, еш қарсылық көрсетпей, істейді. «Істемеймін» деп айтпайды.
Тапсырмаларды тыңғылықты орындайды. Айтқанымды екі етпейді.
Бірақ сөйлегісі келмесе, сөйлемей қояды. Тамағын ішеді, ыдыс жуады, інісіне қарайды.
Қызымның бойындағы осы өзгерісті түсінбеймін. Бұған дейін алты айда 2 рет сөйлемей қойды. Алғашында 3 күн сөйлемеді. Ол кезде ағасымен сөзге келіп қалған еді.
Бұл жолы бірнеше күн емес, 2 апта бойына жұмған аузын ашпады. Бұл мені қатты уайымдатты.
Мектебіндегі психологқа апарайын десем, мүлдем бармайды. Өзі жайлы достарының, басқалардың басқаша ойлауынан ыңғайсызданса керек. Шынымды айтсам, қызым сөйлемей қойғанға дейін мен де онша мән бермеппін. Жалпы туабітті мінезі сондай тұйық бала деп қабылдап келдім.
Мінезі ашық болуы үшін өзім әңгімеге тартатынмын. Ол менің сұрағыма жауап беретін. Керек кезінде ғана маған сұрақ қойып жүретін.
Қазір қызымның мұндай болуына кішкентай кезінде біз білмейтін бір жағдай себеп болды ма екен?
Сол үшін өткен күндерді көп ойладым. Бірақ қызыма жүкті немесе қызымның кішкентай кезінде орын алған жағымсыз жағдайды есіме түсіре алмадым. Жүкті кезімде қатты бір уайымға салынғаным да есімде жоқ. Әдеттегідей өтіп кеткен сыңайлы. Әлде өзім бей-жай қарап қандай да бір болған жағдайды есіме түсіре алмадым ба? Білмеймін.
Мүмкін айналасындағы достары әсер етер, біреуден зәбір көріп жүр мекен деп те ойладым. Бұл жайлы сұрасам, қызым бәрі дұрыс екенін айтады.
Қысқасы, ол маған ештеңесін ашып айтпайды. Сауалға өте қысқа жауап қайтарады.
Әлеуметтік желіден, сайттардан мұндай жағдайға тап болған балалар немесе адамдар бола ма деп көп іздедім.
Әлеуметтік желіні өте жақсы қолдана білмеймін. Содан болар бұл жайлы ақпараттарда таппадым.
Дәрігердің көмегіне жүгінейін десем, бірдеңені дұрыс істемей қалармын деп ойлаймын. Сол үшін газеттеріңіз арқылы психолог кеңесіне жүгінгім келді.
Психолог маманның айтқан кеңесіне қарап, әрекет етіп көрермін деп шештім.
Қызым кішкентай кезінен бері бала сияқты әрбір нәрсеге қызыға бермейді. Киімнің де мен алып бергенін киеді. Отбасы болып, тамақтануға барсақ та ол үшін біз тамақ таңдаймыз.
«Не жейсің?» деп сұрасам да жауап бермейді. Сыртқа қыдыруға шығамыз дегеннен-ақ оның мазасы қашады. Сыртқа шыққысы келмейді. Өзім үйде қала берейінші деп айтады. Бірақ мен оны күшпен алып шығамын. Мерекелерде отбасылық серуенде суретке түссек, қызымыз бізбен бірге түспейді. Түскен күннің өзінде бетін жабады немесе әдейі теріс қарап қалады. Сондайды да жақтырмайды.
Үйге қонақ келсе, туысқандар келсе де ол ешкімнің көзіне көрінгісі келмейді. Ешкім жоқ бөлмеге барады да қонақтар қайтқанға дейін шықпайды.
Анамын ғой. Мүмкін сырт келбетіне бола адамдардан ыңғайсызданатын шығар десем оның келбеті ешкімнен кем емес. Әп-әдемі, сүп-сүйкімді. Біреуден ұялып, ыңғайсызданатын еш жері жоқ. Киім де әдемі жарасады. Телефонға да көп әуесі жоқ еді. Соңғы кезде телефонда көбірек уақыт өткізетін болды. Не істейтінін бақыласам, көбінесе мультфильм көреді.
Бұған дейін қызымның мінезі сондай, ол тұйық адам деп қабылдап келдім. Алайда соңғы әрекеттері мені уайымдатып жүр. Тіл қатпай қоюы екі рет қайталанды.
Алда тағы да сөйте ма деп қорқамын. Әкесі де бауырлары да мән бермейді. Олар қызымызды сондай адам деп қабылдаған. Оның үстіне әкесі үйде де көп болмайды. Мұндай қылықтарын байқай бермейді. Үйде отырған мен байқаймын.
Қорқамын, уайымдаймын. Мұндай баламен қалай тіл табысу керек. Оның мінезін қалай ашамын, тым болмаса отбасы мүшелерімен қалай еркін сөйлесу дәрежесіне жеткіземін. Осы сауалдарға жауап алғым келеді.
Психологқа қызымды ренжітіп алмайтын етіп, қалай апарамын?
Сіңлім қалада жұмыс істейді. Сіңліммен сырымды бөліссем, қалай да психолог кеңесіне жүгінуімді айтты.
Жалпы бала деген неге сөйлемей қояды, бұған не әсер етеді? Осы сауалдарға жауап алғым келеді.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат»,  №15-16, 15 сәуір 2020 ж