Қазіргі уақытта елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында арнайы штаб құрылып, кәсіпкерлердің мәселелерімен айналысуда.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің 23 наурызда халыққа жасаған үндеуінде төтенше жағдайды енгізуге байланысты табыстан айрылған азаматтарға ай сайынғы төлемдер берілетінін айтқан болатын. Төлем көлемі ең төменгі еңбекақы мөлшеріне, яғни 42,5 мың теңгеге тең. Қазіргі таңда жұмыссыз қалған бизнес өкілдерінен көмек алу үшін 1400-ге жуық өтініш түскен. Өтінімдер саны күн санап көбеюде.

Айта кетейік, ҚР Еңбек және Халықты Әлеуметтік қорғау Министрлігі бұйрығымен әлеуметтік төлем беру тәртібіне өзгерістер енгізілген болатын.

«Еңбекақысы сақталмаған демалыста жүрген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің жұмыскерлері, карантин енгізілген елді мекендерде ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскерлері, жалдамалы жұмыс күшін қолданбайтын жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар, міндетті зейнетақы жарналарын төлеген жеке тұлғалар, сондай-ақ, коммерциялық емес заңды тұлға жұмысшылары жаңа әлеуметтік төлем алу үшін «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға төтенше жағдай кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты қызметкерлер тізімін қоса, өтінішті жолдайды» деді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры М. Ибадуллаев.

Алайда бүгінде Egov порталының жүктемесі тым көп болғандықтан, ресурс кәсіпкерлерге аударымға өтініш қалдыру үшін 42500.enbek.kz сілтемесімен арнайы сайт әзірлеп, өтініш беру сатыларын оңтайландырылған.
Сайт арқылы жәрдемақы алу алгоритмі төмендегідей.

1. https://42500.enbek.kz сайтына кіресіз;
2. Жәрдемақы алу 42 500» таңдайсыз;
3. Өтініш берушінің аты-жөнін ЖСН, IBAN немесе жұмыс берушінің БСН, электронды поштасы көрсетілген нысанды (форманы) толтырасыз;
4. Құжат үлгісі жіберiлiп, жүйе телефон нөмірін сұрайды;
5. Телефон нөмірін SMS арқылы жіберілген кодпен растайсыз

6. Содан кейін өтініш жіберіледі. Өтінішті өңдеп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» деректерін тексергеннен кейін, өтініш беруші қабылданған шешім туралы SMS-хабарлама алады. Толық ақпарат төлемді тағайындау және төлеу үшін Мемлекеттік Әлеуметтік Сақтау Қорына жіберіледі.

Сонымен қатар, аталған сайтқа немесе Egov-қа кіру үшін компьютері жоқ кәсіпкерлер үшін де жеңіл жолы – мобильді телефон арқылы Telegram-ботты пайдалану қажет. Кәсіпкер бұл қосымшаны жүктеп алып, оған өз мәліметтерін енгізе алады.

Қазіргі таңда облыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және ресми тіркелмей жұмыс істейтін кәсіпкерлер де бар. Сәйкесінше, олардың әлеуметтік аударымдары осы күнге дейін болмаған. Ол үшін алдымен аталған азаматтар бірыңғай төлемді төлесе болғаны. Яғни, қалалықтар үшін 2651 тенге, ауыл тұрындары үшін 1325 тенге төлеу қажет. Бір рет төлем жасаған соң келесі күні ай сайын 42500 теңге алу мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, кәсіпкердің статусы ресмилендіріледі.

Ал бірыңғай жиынтық төлемді төлеудің екі жолы қарастырылған. Бірінші – 2-ші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында және «Қазпошта» бөлімшелерінде Бірыңғай Жиынтық Төлем төлеуге болатын мобильді қосымшалар бар. Екінші – 5505 нөміріне SMS жіберу арқылы жасауға болады.

Әлеуметтік төлем қызметкерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы кезінде, бірақ төтенше жағдайдың ұзақтығынан аспайтын мерзімде төленеді. Бұл бірінші кезекте төтенше жағдай кезінде кірісінен айрылған азаматтарды қолдауға бағытталған.