ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкіметтің онлайн режимде өткен отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар сүйемелдеу жүйесін құру мәселелері қаралды.

Қазақстан ұлттық тауар өткізу желісі — көтерме-тарату орталықтары кешенін құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өтпек. Бұл бастаманы қолдап, Сарыағашта 10 гектар, Түркістанда 16 гектар жер бөлінгенін баяндаған өңір басшысы диқандардың жанайқайын да жеткізді. Себебі нәпақасын егістіктен тауып отырған шаруалар жинаған өнімді өткізуде проблемаға тап болып отыр. Күнгей халқының аманатын Үкімет басшысына жеткізген Өмірзақ Естайұлы аталған мәселені шешу жолын да ұсынды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Облыста 300 мың тонна капуста өсірілді. Бірақ, қазір Ресейде сұраныс  тым азайып кетті. Өнімдерді өткізу бойынша өңірлермен келісім түздік. Диқандар қырыққабатты 10-15 теңгеден сатуда. Шығынға батып жатыр.  250 мың тонна капустаны  Ресейдегі логистикалық орталықтарымен келісіп өткізуге  әрекет етпесек, бұл ұлкен проблема болады».Делдалсыз тікелей тұтынушыға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бастамасын қолдаған шаруашылықтар төтенше жағдай кезеңінде өнімдерін сата алмай шығынға батуда.
Мұрат Қалмұратов, диқан: «Капустаны алып келдік, тым арзан бағада сатып жатырмыз».

Үкімет отырысында Өмірзақ Шөкеев азық-түлік корпорациясымен сатып жатқан бидайдың бағасы да, сапасы да сын көтермейтінін жеткізді. «Түркістан облысы 7 мың тонна бидай сатып алуы тиіс болатын. Алайда желімтегі, яғни, клейковинасы 18 пайыз, 4-ші класс бидайды сатып алуға операторлар бас тартуда. Есесіне, корпорация 88 теңгеден босатқан бидай теміржол шығынымен 98 теңге қымбаттап отырғаны бар»,- дейді облыс әкімі.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «4 — класс бидаймен қандай нан жабамыз? Ешқандай логикаға жатпайды. Азық-түлік келісім корпорациямен министрлікке тапсырма беруіңізді сұраймын. Бірге отырып сапасы мен бағасын көріп, бір шешімге келуіміз керек».

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы министрі мен азық-түлік корпорациясы басшылығына бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Қабылданған шешімдер бойынша сала басшылары қосымша баяндайтын болады.

Шынар Оразова