Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі жолы ретінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беруде. Осы орайда, өңір басшысы
жауапты сала жетекшілерімен бірге облыс орталығын аралап, қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап, тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Шаһардағы жол жөндеу, газ, ауыз су мен кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын көзбен көрген аймақ басшысы тиісті сала жетекшілерінен құрылыстың кестеге сәйкес белгіленген мерзімінде аяқталуын талап етті.
Биыл қала жолдарын жөндеу үшін әкімшілік-іскерлік орталығына іргелес орналасқан, яғни инфрақұрылымы толық аяқталған жерлерде 100 шақырым құрайтын 81 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жаңа көшелерде сарқынды су жүйесіне арналған футляр орнату, жол негізін даярлау, аяқ жолдардың жиектастарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолынан Майкөтов көшесіне дейінгі автожол құрылысы жүріп жатыр. Жаңа жол төселіп, айналасында арық-атыздар, аяқ жол мен вело жолдың жиектастары орнатылған.
Қала аумағында «Жасыл белдеу» қалыптастыру бойынша биыл 100 гектар жерге Темір жол бойының оң жағалауы мен Арыс-Түркістан арнасының айналасын жасыл желекке орау жоспарланған. Сонымен қатар, қала аумағында жаңа жобаға сәйкес Нью-Йорк сатысын орнату, Б.Саттарханов даңғылында тіреу бекетін орнату, Қызылорда тас жолы бойында аллея алаңы мен Темір жол вокзалының алдына тас төсеп, «Жеңіс» саябағынан орталық базарға баратын жолды абаттандыру жұмыстары басталды. Арыс-Түркістан арнасынан бастау алатын бірнеше ирригациялық каналдардың құрылысы мамыр айында толық аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Түркістан қаласында 52 мыңнан астам абонент бар болса, оның 65%-на газ құбырлары тартылды. Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Магистралды газ құбырында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 28,4 шақырым газ құбыры тартылып, газ реттегіш жәшігі орнатылуда. Биыл бюджеттен қаралған қаржыға 25 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жыл соңына дейін Түркістан қаласын газбен толығымен қамту көзделіп отыр.
Сондай-ақ небәрі 16%-ы кәріз жүйесімен қамтылған Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде қаланы 2021 жылға дейін 100% кәріз жүйесімен қамтамасыз ететін 10 нысанның жобасы әзірленіп, кешенді жоспарға енгізілген.