«Айыппұл жазуға асықпаймыз». Шымкентте орнатылған блок бекеттердегі полиция қызметкерлері карантин талаптарын ескермеген азаматтарды көбіне ескертумен шектелеміз дейді.
Айтуларынша, қалада көлік нөпірі азайып келеді. Тәртіп сақшылары жергілікті халықтың төтенше жағдай ережелерін сақтауға мойынсұнып келетінін айтады. Корғаныс бекеттеріндегі ақуалды біздің түсірілім тобы да көріп қайтты.
Қалада көлік нөпірі карантин жарияланған алғашқы күндегідей емес, азаяйын деген. Оған ауа райының қолайсыздығы да себеп. Қорғаныс бекеттерінде сағаттап күтіп қалдық деп шағынған жүргізуішіні бұл жолы кездестірмедік. Төтенше жағдай талаптарына мойынсына бастаған көлік жүргізушілері тиісті құжаттарын алдын-ала дайындап тәртіп сашыларының тексеруінен тездетіп өтудің әрекетін жасауда.
Тәртіп сақшылары да тұрғындарға түсіністік танытуға тырысып, тосқауыл бекетіндегі қозғалысты реттеуге барын салып тұр. Ал рұқсат құжатынсыз жүрген жолаушыларды төтенше жағдай талаптарымен жіті түсіндіріп, жолдан қайтарады. Тәртіп сақшыларының жұмсақтығын пайдаланып, карантин ережелерін ескергісі келмейтін көлік жүргізушілер де табылды. Рұқсат етілмеген айналма жолдармен өтпек болған жүргізушілерді полицейлер тәртіпке шақырды.
Қорғаныс бекеттеріндегі қызметкерлер сақадай сай. Арнайы көліктермен, құрылғылармен қамтылған. Әрбір көлікті жіті тексеріп, қауіпті індеттің қалада дендеп кетпеуі үшін күндіз-түні бекетте тұр.
Шымкенттегі 18 қорғаныс бекетіне 700-ге жуық қызметкер тартылған. Прокурорлар, тәртіп сақшылары, әскери қызметкерлерден құралған бірлескен топ 3 ауысымда жұмыс істейді. Төтенше жағдай талаптарын ескермеген азаматтарға полицейлер ескерту жасайды. Ескертуді елемегендер айыппұлға тартылып, әкімшілік қамауға алынады.
Мақпал Рысбаева