Бір апта ішінде 1414 байланыс орталығы шымкенттіктердің 90 мыңнан астам қоңырауын қабылдады.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, 25-наурыздан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Бұл өз кезегінде бірыңғай байланыс орталығы операторларының жұмыс жүктемесін арттырды. Яғни, Азаматтарға арналған үкімет 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін ондағы қызметкерлерді осы жобаға жұмылдырды. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының 144 тәжірибелі және дайындықтан өткен маманы тұрғындарға кеңес беріп келеді.
Бұдан бөлек, 49 қызметкер қызмет алушыларды «Мобильдік азаматтар базасында» тіркеп, бейнеқоңырауларды қабылдауға кіріскен. Олар апта ішінде 20мыңнан астам бейнеқоңырауды қабылдап үлгерді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент бойынша филиалының өкілі Алтынай Татаеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығына Шымкент қаласы бойынша орта есеппен күніне 18 000-ға жуық адам хабарласады. «Жеті күн ішінде біздің байланыс орталығына 90 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Негізінен азаматтарды төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты тағайындалатын 42 500 теңге жәрдемақысын алу, egov.kz арқылы анықтамаға қол жеткізу, сондай-ақ, АӘК төлемдерін тағайындау бойынша сұрақтар мазалайды. Ескеретін жәйт, Қазақстандағы бірыңғай байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді, ал демалыс күндері олармен сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін ал байланысуға болады. Қоңырау шалу тегін», — дейді Алтынай Татаева.
Осы ретте Алтынай Сарапалықызы бірыңғай байланыс орталығына хабарласушылардың көптігін ескеріп, шымкенттіктерді шыдамдылық танытып, сабырлы болуды сұрады.
Айта өтетін ақпарат, қазақстандықтар мемлекеттік қызметті электрондық форматта ала алады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 87% электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ кейбір қызметтер мен сервистерді ЕgovМоbile мобильдік қосымшасы, eGovKzBot2.0 телеграмм-ботынан және Facebook, Vk әлеуметтік желілеріндегі egov чат-боттарынан алуға болады.
Мөлдір Бекеева