«Сұрақ-жауап» айдарының бүгінгі тақырыбы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға төленетін 42500 теңге әлеуметтік көмек туралы болып отыр. Сауалдарға Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Бауыржан Оспанов жауап берді.

С: Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарына жатамын. Бұған дейін бір де бір рет Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасамадым. Қазір жұмыс тоқтады. Төтенше жағдай кезінде мемлекеттен берілетін 42500 теңгеден қағылмас үшінсәуір айына (9.04.2020ж) ғана төлем жасадым. 10.04.2020 жылы өтінім жібердім. 42500 теңгеден үміттене аламын ба?

Ж: Сіз бейресми жұмысшылардың қатарындасыз. Бұған дейін БЖТ (ЕСП) төлеген емессіз. Осы күнге дейін ешқандай заңды сақтамай жұмыс істепсіз. Бірақ, сіз төтенше жағдайға дейін жұмыс істегеніңізді растап, барлық жауапкершілікті өз мойныңызға алып бір ай болса да БЖТ төлепсіз. Сондықтан да 42500 теңгені ала аласыз. Бұл төлем ресми болсын, не бейресми болсын, жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған адамдарға қарастырылады.

С: Екі айлық сәбиім бар. Декретке шығу парағымда 120 күннен соң жұмысқа кірісуге болатынын жазған. Міне, сол 120 күнім өтті. Балаға қарайтын күтушім бар. Сондықтан да «декреттік демалысымды создырмай жұмысқа шықсам» деген едім. Бірақ, елдегі жағдайға байланысты жұмыс берушім барлық қызметкерін ақысыз еңбек демалысына жіберіп жатыр. Жұмысқа шыға алмай қалдым. Сұрайын дегенім, менің жағдайымда 42500 теңге әлеуметтік төлем аламын ба?
Ж: Жоқ, ала алмайсыз. Себебі, Сізге Қор есебінен бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем төленіп жатыр. Сондықтан төлем алмайсыз.
Алайда төтенше жағдайға дейін баласы 1 жасқа толған бірақ, 3 жасқа жетпегендер бір реттік БЖТ төлеу арқылы 42500 теңгеге өтініш тапсыра алады.

С: ҚР азаматы емеспін. Ыхтиярхатым бар. ҚР азаматына тұрмысқа шықтым. Қазақстанда жұмыс істеймін. Барлық әлеуметтік аударымдарым бар. 42500 теңгеге өтініш жаза аламын ба?

Ж: Ыхтиярхаты бар өзге елдің азаматтарының да 42500 теңге алуға құқығы бар. Бастысы ол әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, болғаны. Ал ыхтиярхаты жоқтар бұл әлеуметтік көмекті ала алмайды.

С: Жалдамалы жұмысшымын. Алатын жалақым аз. Балаларым көп. Сәйкесінше, ешқандай аударым жасамадым. Енді жұмыс та тоқтап қалды. Не істесем болады? 42500 теңгені қалай аламын?

Ж: Төтенше жағдай енгізілгенге дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне соңғы 12 айда бірде бір рет төлем жасамаса — БЖТ төлеушілері; төтенше жағдай енгізілген күнге дейін 12 ай ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне бір рет аударым түспесе — АҚС бойынша кіріс алатын жеке тұлғаларға 42500 теңге тағайындалмайды. Сәйкесінше Қазақстан Респубикасының 2016 жылғы 06 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес аталған тұлға жұмыспен қамту орталығына есепке тұруы қажет. Жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.

С: Банк есепшоты жоқ азаматтар 42500 теңге алуға өтініш тапсырса, не істеу керек?

Ж: Өтініш беру кезінде көпшілік есепшотын көрсетпеген. Себебі жоқ. Алайда абыржымаңыз. Егер де өтініш беру кезінде есепшотыңызды көрсетпесеңіз, бірақ қаржы тағайындалса, сіздің 1 ай мерзіміңіз бар. Соған дейін есепшот ашуыңыз қажет. Сол аралықта өтінім беру кезінде көрсеткен ұялы телефоныңызға әр 3 күн сайын «есепшот аштыңыз ба?» деген мәтінде хабарлама келіп түседі. Сіз соған есепшотыңыздың нөмірін жазып, қайта жіберменше SMS келіп тұрады. Осылайша сіз ашқан есепшотыңызды үйден шықпай-ақ, жібере аласыз.

С: Зейнеткерлер, әлеуметтік жәрдемақы алушылар, соның ішінде мүгедектер мен студенттер, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға Төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңге әлеуметтік төлем ала ма?

Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді.

Ж: Әлеуметтік жәрдемақылардың тағайындалуына қатысты жиі қойылатын сұрақтардың бірі біздің зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушыларға қатысты. Зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар төтенше жағдайға байланысты тоқтамағанын атап өткім келеді. Оларға тиісті төлемдер жалғастырылуда, біз оларды индекстедік, сіздер мамыр айында зейнетақылар мен жәрдемақыларды сәуірдегі қосылған төлеммен бірге аласыздар. Мұндай алушылардың саны 4 млн. адамды құрайды, оларға ай сайын жалпы сомасы 300 млрд.-қа жуық теңге төленіп тұрады. Сондықтан 42 500 теңге алушылардың санатына кірмейсіздер.
Алайда, егер зейнеткер, мүгедек немесе кез келген басқа мемлекеттік жәрдемақы алушы төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін ресми жұмыс істеген болса, ол үшін жұмыс беруші аударымдар жасаған болса немесе бірыңғай жиынтық төлем төлеген болса, онда біз оны есепке алып, сізге 42 500 теңге төлейміз. Зейнеткерлерге, әлеуметтік жәрдемақы алушыларға айтарым, төтенше жағдай енгізілгеннен кейін сіздерге БЖТ төлемін жасаудың қажеті жоқ, сіздерге 42 500 теңге тағайындалмайды.
Ал АӘК алушыларды бөлек атап өткім келеді. Сіздер үшін шектеулер жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек – бұл зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы емес, бұл көмек. Осыған орай, егер сіз ресми немесе бейресми жұмыс істесеңіз – сіз 42 500 теңгеге үміткер бола аласыз. Бейресми жұмыс жасаған адамдарға алдын ала БЖТ төлеу қажет.
Біз студенттерді жеке санат ретінде анықтаған жоқпыз. Бұл еліміздің ересек азаматтары. Еңбек кодексіне сәйкес 16 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Шәкіртақы алатынына/алмайтынына қарамастан жұмыс істейді. Олардың барлығы үшін тәртіп бірдей. Егер сіз ақша тапсаңыз, содан кейін табыс табу мүмкіндігіңізді жоғалтсаңыз, онда сіздің моральдық құқығыңыз бар. Егер сізге әлеуметтік жарналар төленген болса немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде бір рет БЖТ төлеген болсаңыз, онда сіздің әлеуметтік төлемдерді алуға заңды құқығыңыз бар.

С: Бала күтімімен отырғандар 42 500 теңгеге өтінім бере ала ма?

Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді.

Ж: Бізде бала күтімі бойынша декреттік демалыста отырған әйелдерге арнайы санат қарастырылмаған. Себебі олар да басқа азаматтар сияқты жұмыс істеген немесе үйде отырған, ресми немесе бейресми кәсіпкерлікпен айналысқан. Егер бала бір жасқа жетпеген болса, әйел адамның жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан мемлекет оған бала күтіміне қажетті жәрдемақы тағайындайды. Бала 1 жасқа толса, 42 500 теңге төлем туралы әңгіме қозғауға болады. Мысалы бала бір жасқа толғанымен, қазір жұмыстың жоқтығынан өз компаниясына жұмысқа шыға алмаса, ал жұмыс беруші ол үшін бала бір жастан асып кеткендіктен әлеуметтік аударымдар жасамаса не істемек керек? Декреттік демалыс барысында мысалға үйде отырып киім тіксе, тамақ пісіріп сатса және тағы басқа бейресми бірдеңемен айналысса, осылайша ТЖ кезінде табысынан айырылса, бұл тұста ол ана бір күн бұрын Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу арқылы өзін жұмыспен қамтушы ретінде тіркеп, әлеуметтік төлемге өтінім жіберуге құқылы.
Алайда мемлекеттен қызметтен декреттік демалысқа шыққан әйел адам, 42 500 теңге төлемге өтінім бере алмайды. Декретте отырған мемлекеттік қызметкерлер жөнінде мәселе туындауда. Жалпы ТЖ-ға қатысты мемлекеттік қызмет пен ондағы ұйымдардың жұмысы шектелген жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша олардың 80%-ға жуығы қашықтан жұмыс істеп, жалақы алуда. Ал декреттегілер ТЖ болмаса да үйде қалушы еді ғой. Бірақ, Еңбек кодексіне сай, сіз жұмысқа шығам десеңіз, мемлекеттік мекеме сізді қабылдап, қашықтан еңбек еткеніңіз үшін жалақы төлеуі тиіс. Біз тиісінше барлық мемлекеттік орындардан декретте отырған өз жұмысшыларына қамқорлық көрсетіп, табыссыз қалдырмауды сұрадық. Жұмысқа қайта шақырмаса да қаржылай жәрдем таныста деген тілек бар. Өтінім бергенде астындағы жазумен келісесіз, яғни ТЖ мерзіміне дейін кірісіңіз болғанын, сәйкесінше онсыз қалғаныңызды айғақтайсыз. Егер де ТЖ кезіне дейін де табысыңыз болмаса, ресми немесе бейресми жұмыс істемесеңіз, бұл төлем сізге тағайындалмайды.

42500 теңгеге өтінім беріп қойған азаматтар, өз өтнімдерінің статусын тексере алады.
Бұл үшін:
1. 42500.enbek.kz сайтына өтесіз;
2. «Өтінім дәрежесін тексеру», орыс тілінде «Проверить статус заявки» түймесін басасыз;
3. ЖСН [ИИН] мен жеке кәлік нөмірін енгізесіз
4. «Мен робот емеспін» орыс тілінде «Я не робот» белгісін сосын «Тексеру» орыс тілінде «Проверить» кнопкасын басасыз.
Өтініш дәрежесі бірден көрінеді.

ЕСКЕРТУ: Төтенше жағдай енгізілген уақыттың бірінші айына 42500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтініштер 15 сәуірге дейін қабылданады. Бірінші айында 42500 теңге алғандар, төтенше жағдай аяқталғанға дейін келесі айларға әлеуметтік төлем ала береді. Қайта құжат тапсырмайды. Ал тапсырмағандар келесі айларға тапсыра беруіне болады.

А.ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №15-16, 15 сәуір 2020ж