Шымкентте еліміз бойынша ең үлкен автоматты газ-реттегіш стансасы салынуда

412

3-ші автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысын Шымкенттегілер көптен күткен болатын.

Нысан іске қосылса халықтың көгілдір отынмен қамтылуы 100 пайызға жетеді. Есесіне, станцияның құрылысы жоспардан бұрын 2020 жылдың соңында аяқталмақ.

Автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы қаланың ары қарай дамуына зор жағдай тудырады. Табиғи газға жаңа тұтынушыларды өндіріс орындарын қосуға үлкен мүмкін береді. Бұдан бөлек, газбен жұмыс істейтін автобустарға арналған газ құю станциясын салу жоспарда бар.

Мұрат Әйтенов

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкентті көркейту үшін инфроқұрылымдарды дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Жобаны жүзеге асыру шаһардың келешекте үш онжылдыққа алға дамуына мүмкіндік береді».

Мұнымен қоса жаңа газ стансасының жоғары және төменгі қысымдағы газ құбырлары қаланы бір жағынан Бейнеу- Бозай-Шымкент газ магистралімен қосса, екіншіден- Шымкент төңірегіндегі барлық елді-мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туғызады.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ең бастысы жоба жүзеге асқанда, шалғайдағы шағынаудандар толық табиғи газбен қамтылады. Әзірге екі автоматтандырылған газ тарату станцияларының қуаты жеткіліксіз. Осыған байланысты тұрғындар мен кәсіпкерлерге газға қосылуға рұқсат бере алмай отырмыз. Сондықтан да нысанды тездетіп пайдалануға тапсыру маңызды».
Қазақстандағы ең үлкен көгілдір отынды қабылдау және оны автоматты түрде тарату орталығын биыл күзде іске қосу көзделген. Станция бір сағатта 250 мың текше газды таратуға қауқарлы. Соңғы үлгідегі автоматтандырылған газ тарату станциясы миллион халқы бар қаланы толық газдандыруға мүмкіндік береді.

Болашақ №3-ші АГРС-тың құрылысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов, мердігерлерге жұмысты тездетуді тапсырды. «Бұл стратегиялық маңызды нысан. Шымкент үшін өте қажет газ тарату станциясы. Сондықтан жұмысты қарқынды жүргізу керек», — деді әкім.

Жоспар бойынша, №3 газ тарату станциясы 2021 жылы іске қосылуы тиіс болатын. Алайда шаһар басшысы маңызды нысанды жыл соңына дейін бітіруді тапсырды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 58 шақырымды құрайтын болады. Оның 20 шақырымы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралі мен АГРС -3-ті жалғайтын бөлігі. Қазір бұл учаскеде үлкен диаметрлі, жоғары қысымға шыдас беретін газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шынар Оразова