Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер енді қатаң жазаланады. Осыған дейін тек ескертумен құтылып жүрген пысықайлар енді айыппұлға тартылады.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов осылай деді. Қаржылай қиындық пен пен вирустың құрсауында қалған шымкенттіктерге азық-түліктен ғана коммуналдық қызметтерден де, жеңілдіктер қарастырылып отыр.

Қалада халыққа ең қажетті тауарлардың шекті бағасын бақылайтын мобильді топ құрылды. Бүгіннен бастап мемлекеттік кірістер саласы мен әкімдік өкілдерінен құралған бірлескен топ шаһардағы азық-түлік сататын барлық сауда орындарына тексерулер жүргізе бастады. Олар халық көп тұтынатын 9 түрлі тауардың бағасын негізсіз көтерген пысықайларға бірден әкімшілік шара көреді.

Бір жағынан қаржылай қиындыққа, екінші тұстан қатерлі індеттің құрсауына тап болған шымкенттіктерге енді коммуналдық төлемдер жасауға да үкімет қарасатын болды. Төтенше жағдай кезінде ардагерлер мен көпбалы отбасыларына, зейнеткерлер мен мүгедектерге бұл төлемді төлеуге 15 мың теңгеден беріледі. Қалада мұндай қолдауға 200 мыңнан астам абонент мұқтаж екен.

Әкімдіктегілер осындай қиын-қыстау кезеңде жергілікті халықтың карантин шараларын сақтап үйде отыруы үшін жан-жақты жағдай жасауға кірісті. Ал алмағайып кезеңді өз пайдасына оңтайландыратын пысықайлар заң алдында жауап береді. Айтқандай, шекті бағада болуы тиіс тауарлардың негізсіз көтерілгеніне куә болсаңыз, төтенше жағдайға байланысты іске қосылған Колл орталығына 30-50-55 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Мақпал Рысбаева