Блок-бекетті сауда алаңына айналдырғысы келетіндер де жоқ емес

168

Шымкентте 18 блок бекет жұмыс істеп тұр. Оған 700 -ден астам қызметкер жұмылдырылған. Полиция, әскери қызметкерлер мен Ұлттық ұлан сарбаздарынан құралған бірлескен топ 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқарады.

Құзырлылар жол бойында жүргізушілерді біртіндеп тексеруде. Азаматтардың жеке құжаттары мен жұмыс орнынан берілетін анықтамаларына дейін жіті зерделеніп отыр. Көліктерде жолаушылар саны төтенше жағдай талаптарына сай болуы тиіс дейді құзырлылар. Тәртіп сақшылары санитарлық тәртіпті бұзғандарға алдымен ескерту жасалады, елемегендер әкімшілік айыппұлға тартылады дейді.

Бұл қаладағы көлік кептелісі ұзаққа созылған тосқауыл бекеті. Жібек жолы мен Т. Рысқұлов көшесі бойына қойылған блок — бекетте жүргізушілер сағаттап тұрыпты. Жұмысқа асыққан кей жолаушылардың тіпті дегбірі қашты.

Ал тәртіп сақшылары ешкімнің асыққанына қарайтын емес. Әрбір көлікті жіті тексеруде. Жеке құжаттары мен қоса жұмыс орындарынан берілген анықтамаларды талап етеді. Тіпті көліктегі жолаушылар саны да санитарлық нормаға сай болуы тиіс екен.

Ал бұл қала шетіндегі қорғаныс бекеті. Жолдан әрлі-берлі ағылған тұрғындар полициейлердің ескертуіне де пысқыратын емес. Такси жүргізушілері тіпті оңтайлы тұсты пайдаланып, клиент аңдумен әлек. Көпшілік бірі жүгін көтеріп, енді бірі малын арқалап, блок бекетті сауда алаңына айналдырған.

Айта кетейік, карантин жарияланған екі күнде құзырлылар 600-ге жуық төтенше жағдай талаптарын бұзуға қатысты деректі анықтап, 20 азаматты әкімшілік қамауға алған.

Мақпал Рысбаева