Шымкентте блокбекеттегі полиция қызметкерін қымбат көлік тізгіндеген жүргізуші қағып кетті. Оқиға қаланың қақ ортасында, түс ауа болған. Тосқауыл бекетіндегі тәртіпті қадағалаған жол сақшысының талабына бағынбай көлігімен соғып өткен жігіт ұсталды. 

Полиция қызметкерін Джип «Лексус 570» маркалы көліктің соғып кеткені бақылау камерасына түсіп қалған. Кадрда Бәйдібек би даңғылынан Төлеметов көшесіне бұрылған қымбат нөмір таққан қымбат бағалы көлік жылдамдықты тежемей, тосқауыл бекетіндегі полицияны соғып кетті.

«Алдымнан үлкен жүк көлігі шығып қалды. Көлікті қайда бұрарымды білмей, солға бұрдым. Полиция қызметкерін тіпті байқамадым. Нәтижесінде, осылай болды», — дейді жүргізуші.Жол ережесін өрескел бұзған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын бір қалыпты деп отыр. Емделіп шыққанша оның және отбасының жағдайын полиция департаментінің бастығы жеке бақылауына алды.Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы: «Жағдайды бақылауыма алып отырмын. Тәртіп сақшысының денсаулығы біз үшін маңызды. Сондықтан, дәрігерлеріне барып, қан немесе өзге де медициналық қажеттіліктер керек болса айтыңыздар дедім. Ата-анасына да арнайы барып, кез келген уақытта көмектесуге әзір екенімізді білдірдім. Егер, жігіттің жағдайы жақсарса, 1 айдан кейін жұмысына оралады деп үміттеніп отырмыз».

Тосқауыл бекеттегі тәртіпті қадағалаймын деп, көліктің астында қалған 24 жастағы жігіт учаскелік полиция инспекторы. Айта кетейік, бұл осымен блок-бекеттерде орын алып отырған екінші жағдай. 14-сәуір күні, «Бадам-Шымкент» тас жолындағы №10 тосқауыл бекетін «бұзып» өтпек болған 43 жастағы азамат ондағы тәртіпті бақылаған полиция қызметкерін көлігімен 400 метрге сүйреп кеткен еді.

Мөлдір Бекеева