Дәмханадан түскі ас ішкен полицей жұмыстан босатылды

472

Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп тұрған дәмханадан түскі ас ішкен полицей жұмыстан босатылды. Тәртіп орнатам деп жүріп тәртіпсіздігімен ұсталған ол бұл салада 25 жыл қызмет атқарған екен.

Жалпы карантин енгізілгелі Шымкентте погондылардың режим бұзуы алғаш рет емес. Бұған дейін шенділер блок бекеттен рұқсатсыз адам өткізем деп шектеу бұзған еді. Олардың үшеуі қызметтен кетті.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Мен ол азаматтан не үшін дәмханаға барып жүргенін сұрадым. Ол ашық болғасын, рұқсат берген шығар деп ойладым деді. Қазір біз оны жұмыстан босаттық».

Күшейтілген режимде шымкенттік полицейлер марапаттан да құр қалып жатқан жоқ. Осы күнге дейін қала әкімі 33 тәртіп сақшысына сыйақы тағайындаған. Ал, қаладағы қылмыс саны 40 пайызға азайыпты. Ералы Жұмаханбетов сөзінше соңғы кезде қалада тек телефон ұрлығы тіркелетін болған.

Назерке Үкібасова