Еске сала кетейік, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр бүгін «Отырар» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындар сауалына жауап беріп, төтенше жағдай кезіндегі қаланың қазіргі тыныс- тіршілігін баяндаған болатын.

Ербол Әбілхайырұлының айтуынша, Шымкентте коронавирус анықталған 20 науқастың екеуінің жасы үшке толмаған. Шымкентте пандемиядан ем алып жатқан науқастың үшеуі 18 жасқа дейінгі жеткіншектер. Айта кетейік, үшінші мегаполисте инфекция жұқтырғандар саны 20-ға жеткен еді. Олардың бірқатары бір отбасының мүшелері. Ал, қалған 15 науқас 55 жасқа дейінгі азаматтар.

Шымкентте 400- ден аса карантиндік режим бұзу жағдайы тіркелген. Төтенше жағдайды елемеген мұнша азаматқа хаттама толтырылған. Тәртіпсіздік санын азайту үшін тағы 6 бағытқа сергек қондырылған. «Отырар» телеарнасындағы тікелей эфирде осылай деп айтқан Ербол Садыр қалаға бір күннің ішінде қанша адамның кіріп- шығатынын да мәлімдеді. Шымкентке 24 сағат ішінде 175 мыңнан 500 мыңға дейін адам келіп кететіні белгілі болған.