Шымкентте көшелер мен көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары дезинфекцияланып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар аптасына бір рет ұйымдастырылады. Бүгін дәрілеу жұмыстары Абай ауданында жалғасты. Залалсыздандыруға тұрғындар қаншалықты түсіністік танытып отыр? Дәрі-дәрмектер зиянды емес пе?

Ю. Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер түгелдей залалсыздандырылып жатыр. Аулада бейсауат жүрген адам жоқ. Балалардың ойын алаңшалары да тып-тыныш. Мобильді топ аптасына бір рет аулалардан бастап жертөлелерге дейін дәрілеп отырады.

Залалсыздандыру жұмыстарынан шалғай шағынаудандар да шет қалып жатқан жоқ. Жұмысшылар бүгін «Құрсай» елді-мекеніндегі көшелерді дәрілеуде. Жедел топ залалсыздандыру кезінде бірқатар кедергілерге де тап болды. Билік өкілдері бұл жұмыстарға халық түсіністікпен қарап, көліктерді қоюда реттілікті сақтаса дейді.

Дезинфекциялық шараларға гипохлорит кальций қоспасы пайдаланылады. Мамандар залалсыздандыру жұмыстарының тұрғындар үшін қауіпсіз екенін айтады. Айта кетейік, бүгінде 200-ге жуық әскери қызметкер мен 100-ден астам жұмысшы қоғамдық орындар мен саябақтарды, аялдамаларды, аяқжолдарды залалсыздандыруға​ жұмылдырылып отыр. Химиялық өңдеу шаралары карантин аяқталғанша жалғасады.

Мақпал Рысбаева