Карантин кезінде Шымкент жанұяларында зорлық-зомбылық көбейген. Бұл туралы қаладағы «Сана-сезім» құқықтық орталығы мәлімдеді.

Мамандар сөзінше бұған дейін орталыққа күніне 1-2 шағым түссе, қазір күн сайын 4 адам көмек сұрап хабарласады екен. Ал, ішкі істер департаментіндегі отбасы жанжалы бойынша көрсеткіш тіпті басқаша. Тәртіп сақшыларының статистикасы бойынша 16 наурыздан бері Шымкент жанұяларында дау-дамай азайған.

Карантин басталғалы Шымкенттегі «Сана сезім» орталығына зәбір көрдім деп хабарласатындар көбейген. Бұған дейін бір айда 29-35 қоңырау түссе, қазір сәуір бітпей 42 әйел араша сұрап үлгеріпті. Мұның себебін орталық мамандары карантиннің кесірі дейді. Сөздерінше, күнұзаққа бір үйден шықпай отырған ерлер араққа әуестене бастаған, қала берді балалардың онлайн оқуы да ұрыстың бір себебі екен.

Раушан Худайшукурова, Шымкент қаласы «Сана -Сезім» құқықтық орталығының маманы: «Үйінде отырып не істерін білмеген ер азаматтар әйелдеріне теперіш көрсетуді бастаған. Оларға карантиндегі шектеулер қайта ыңғайлы. Себебі қашайын десе әйелі сыртқа шыға алмайды, сыртқа шықса да ұзаққа бармайды. Өйткені қалада жүріп жатқан қоғамдық көлік жоқ. Салдарынан үйінде зәбір көріп отыр. Олар негізінен кеш батқанда хабарласады».

Жолдасынан теперіш көрген әйелдер ішкі істер департаментінен де жәрдем сұрайды. Бірақ, полицейлер сөзінше карантин басталғалы жанұядағы жанжал азайған. Мәселен полицейлерге өткен айда зорлық көрдім деп 335 қоңырау түссе, осы айда 309 әйел хабарласқан. Жәбір көргендер мен тәртіп сақшылары бір-бірін құпия сөзбен түсінеді.

Данабай Әлиев, Шымкент ҚПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: «Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін арнайы үнпарақтар тараттық. Онда арнайы құпия сөз жазылған. Бізге хабарласқанда сол сөзді айтса, бірден түсіне қоямыз. Соның арқасына шығар қазір Шымкентте шағымданғанушылар қатары азайды».

Полиция департаментіне түскен отбасылық зорлық оқиғасының 81 хаттама толтырумен, 208 ескерту берумен тағы, 67 кешірім берумен аяқталыпты. Ал, «Сана сезім» орталығына хабарласқан әйелдердің жартысы қазір туған туысының үйінде. Қалғаны өз үйінде қалуға мәжбүр. Себебі құқықтық орталық карантинге байланысты қазір ешкімді қабылдамайды.

  Назерке Үкібасова